Халық қаһарманы Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болып тағайындалды

31 Мамыр 2022, 16:09
3852
Бөлісу:
Халық қаһарманы Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болып тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полковник Қайрат Үмбетов Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 

Бұл туралы Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі хабарлады.

Халық қаһарманы Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болып тағайындалды

Бүгін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының жеке құрамына Қайрат Жарылқасынұлын Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақанов  таныстырды.  

Қайрат Жарылқасынұлын баршаңыз жақсы танисыздар. Ол взвод командирінен бастап әскери бөлім командиріне дейін қызметтік жолды өтті. Бас қолбасшылықта бірқатар басшылық қызметті атқарды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымынан құқықтық тәртіп әскерінің бас тәрбиешісі болып тағайындалды. Өздеріңіз білесіздер, полковник Қ. Үмбетов 2016 жылы көзсіз ерлік көрсетіп, Президент Жарлығымен айрықша қаһармандықтың белгісі - Алтын жұлдыз және «Отан» орденіімен марапатталып, «Халық Қаһарманы» атағын иеленді, - деді Бас қолбасшы.

Оның сөзінше, Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа қызметке тағайындалған Қайрат Жарылқасынұлына жастар арасында Мемлекет басшысы алдымызға еліміздің қорғаныс қабілеттігі мен қазақстандық патриотизм туралы қойған тапсырмалары мен идеяларын кеңінен таратып, насихаттайды деген үлкен сенім артып отыр. 

«Халық Қаһарманы» полковник Қайрат Үмбетов Ішкі істер министрі мен әскер басшылығына өзіне көрсеткен сенімдері үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Президенті өз Жолдауында айтып өткен «Жаңа Қазақстанды» құрудағы тапсырмаларды орындауға және әскери қызметкерлердің жауынгерлік рухын көтеруге барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты.   

Халық қаһарманы Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болып тағайындалды

Үмбетов Қайрат Жарылқасынұлы 1977 жылы 10 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Шыршық қаласында дүниеге келген. Қайраттың тәрбиесімен анасы Раушан Айтжанқызы айналысты. Әкесі-Жарылқасын Сүйтібайұлы КСРО-ның Ішкі әскерлерінде қызмет еткен.

1994 жылы Ленин орденінің Шыршық жоғары танкілі командалық-инженерлік училищесінің командалық-тактикалық факультетіне оқуға түсті. Оны аяқтағаннан кейін Әндіжан облысындағы Ханабад қаласындағы десанттық-шабуылдау бригадасының бірінші парашюттік-десанттық батальонының танкке қарсы взводына командир болады.

2001 жылдан бастап, аға лейтенант Қайрат Үмбетов тарихи Отанында Ішкі әскерлерде қызметін жалғастырады. Шымкент Ішкі әскерлер бригадасында БТР-дегі  батальонының жедел мақсаттағы бірінші ротасының командирі болып бастаған ол кейін осы батальонның штаб бастығы, батальон командирі лауазымдарынан өтеді.

2007 жылы ол Ұлттық қорғаныс университетіне «Әскери әкімшілік басқару» мамандығы бойынша оқуға түседі. Осылайша, екі жылдан кейін жедел-тактикалық деңгейде білім алып, жеке жедел батальон командирі лауазымына тағайындалады. Бір жылдан кейін Павлодардағы айдауыл полкіне, одан кейін Өскемендегі басқа полкке басшылық ете бастайды.

2014 жылы Қарағанды бригадасы командирінің орынбасары лауазымына, ал бір жылдан кейін осы құраманың штаб бастығы лауазымына тағайындалды.

Халық қаһарманы Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болып тағайындалды

2016 жылғы 7 сәуірде ерліктің ерекше үлгісін танытқан еді. Ол оқу-жаттығу кезінде жарылған гранатадан сарбаздың өмірін сақтап қалды. Қас-қағым сәтте сардар сарбазды итере салып, оны кеудесімен жауып үлгерді. Нәтижесінде жарылыс салдарынан полковник Үмбетов отыздан аса жарақат алды, ал сарбаз дін аман қалды. Кейінірек офицер өзінің әрекетін нағыз офицердің әдеттегі әрекеті деп атады.

Полковник Қайрат Үмбетовтің ерлігін ел Президенті жоғары бағалады. Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Ұлттық ұлан офицеріне айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен қоса жоғары дәрежелі – «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

2022 жылғы мамырға дейін полковник Қайрат Үмбетов «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы лауазымында қызмет өткерген.

Жұбайы Гүлмира Әділбекқызымен бірге Ұлан, Алан есімді екі ұл және Әнел есімді бір қыз өсіріп отыр.

Өзгелердің жаңалығы