Талдықорғандағы Б.Римова театры – тарихы терең өнер ордасы. Оның іргесін қалаған тұлғалардың еңбегі ерен. Осы ретте жарты ғасырдан астам ғұмырын сол салаға арнаған халық әртісі Әлихан Идрешовамен дидарласқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлихан апа, сіздің есіміңізде ерекше құт бар. Мұхтар Шахановтың “Мені неге Мұхтар қойған” деген өлеңіндегідей, сіз де Алаштың көсемі Ә.Бөкейхановпен аттассыз. Қыз баласын Әлихан деп атауда үлкен мән бар секілді... Бір әңгімеңізде жас күніңізде балалармен көп төбелескеніңізді айтып қалғансыз...
Мен 75 жыл бойы осы «Әлихан» деген алыптың атын арқалап жүрмін. Әке-шешемнен мені неге Әлихан деп сұрап та үлгермеппін...Дегенмен, нағашыларым “Әлихан төре” дейтін, себебі, Әлихан Бөкейхан төре руынан ғой, мені солай атап жүргенде Әлихан Бөкейхан ел ішінде танылған, қазақтың маңдай алды жұлдызы болып халық аузынан тастамай жүрген кездер еді. Менің шешем мен оның келіні екеуі қатар босанған екен. Сөйтіп, бірімізді Әйіпхан, бірімізді Әлихан атады. Оның үстіне, менің шешемде қыз тоқтамапты, ылғи ұл бала бола бергендіктен бәлкім, “тоқтасын” деген ырыммен Әлихан қойған болса керек. Менен кейін тағы бір қыз дүниеге әкелген. Аға-інілерімнің бәрі өмірден озып кетті. Бүгінде бауырларымның ішінде көзі тірі сіңілім екеуіміз ғана қалдық. Алматыда екі немерем бар, үлкені менің қолымда. Қазір сонымен осы Талдықорғанда тұрып жатырмыз.
Өнер жолындағы ғұмыр дерегіңізден сыр шертсеңіз?
Өнер деген құдыретті дүние ғой. Бала кезімнен, қаріп танығалы бері өнерге қызықтым. Оның үстіне, әкем күйші, ақын тіпті әннің де балын тамызып шырқайтын. Үйге қонақ келе қалса, жыр-дастандарын айта отыратын, әкем домбыра шертсе мен билеп кететінмін. Ол кезде ешқандай техника, радио да жоқ. Латынша жазылған кітаптар ғана болды, әкем соларды тауып алып, маған мәнерлеп оқытып қоятын. Кейіннен келе әр шаңырақта радио пайда бола бастады. Отырып алып бәрін тыңдайтынбыз. Радиопьесалар, ақындардың өлеңдері, балаларға арналған бағдарламалар да болатын. Сол кезде радиопьесадан Еңлік-Кебекті естігенмін. Сондағы Бикен апаның елімен қоштасып ән айтатын жеріндегі бейнесі көз алдыма елестейтін. Құлақпен естіп өскендіктен, кейіпкердің әр демін сезініп, жыласа жылап, күлсе күліп, бірге бастан өткергендей күйге түсетінмін. Содан Алматыға келдім. Қарапайым, орысша білмейтін ауылдың қызымын. Пәтер жалдап тұрдық. 1968 жылы оқуға келсем, студенттердің қабылдау уақыты өтіп кетіпті. Ол тұста газет көп оқимыз. Хабарландыруда, Шепкин атындағы училищеге қосымша 2 адам қабылдайды дегенді оқып қалдым. Мемлекеттік қабылдау болғандықтан, жіті дайындықпен бардым. Максим Горькийдің «Сұңқар» туралы жыры, Мәриям Хакімжанованың шығармасына мысал дайындап апардым. Сөйтіп, қабылдау комиссиясы бір қыз бен ұлды алды. Ал маған Жүсіпбек Елебеков деген атамыз “Келесі жылы Хадиша Бөкеева деген апаң қабылдайды балам, сонда кел, мұнда біз екінші курсқа қабылдап жатырмыз” деп ақылын айтты. Сонымен, ауылға қайттым, бір жыл мектеп асханасында жұмыс істедім. Келесі жылы қайта келіп, Хадиша апайдың курсына түстім. Әшірбек Сығай бастаған тарландар екі топқа бөліп қабылдады. Мен бірінші топқа іліндім. Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешовалармен бірге тапсырып, бір топқа қабылдандық.
.jpeg)
Сахна деген сіз үшін нені білдіреді? Өмірде қарапайым әжесіз, ал сахнаға шықсаңыз құдды 20-30 жылға жасарып кетесіз. Тіпті кісі танымастай өзгересіз. Мұның сыры неде?
Сахнаның құдыреті сондай, мысалы, ауырып тұрып, сахнаға шықсаң, жан бітіп, жазылып кетесің, ауруыңды мүлде ұмытып кетесің, оның қасиеті сондай. Сахна мен үшін – менің бар өмірім өткен мекен. Бойымдағы бар-күш жігерімді, Алла берген әртістік қасиетімнің бәрін тоғыстырып, сахнаға арнадым. Бұл менің үлкен шаңырағым десем де болады. Құдай өзі бұйыртқан рөлдерді ойнадым. Ұлды да ойнадым, қызды да, әжені де ойнадым. Бірақ өзім еш уақытта ана рөлді ойнағым келеді, мынаны ойнайыншы деп режиссердан сұрамаппын. Сонда да, іште жатқан армандар көп қой. Жас кезде әрине, Ақан Сері-Ақтоқтыда Ақтоқтыны ойнағың келеді, сол сияқты спектакльді біреуге арнап ала бермейді. Репертуарға өздері қандай туындыны жөн деп санайды, сол спектакль қойылады. Сондықтан, бұйырған рөлдің бәрін ойнадым. Сол үшін де, сахна деген мен үшін жанның азығын алатын рухани құдыретті орын. Сахна – киелі мекен
Байқасаңыз, сіз айтқан ұлы қойылымдарға қазір түрлі эксперименттер жүріп жатыр. Бұған көзқарасыңыз қалай? Қабылдау қиын шығар...
Бұрынғы классиканың туындылардың бәрі адамның жанына жақын дүниелер. Оны актерлар да солай жеткізеді. Ал енді қазіргі “эксперименттерді” өзім көп қаламаймын. Мысалы, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу, Қобыланды, Ақан Сері, қайсы бірі болсын осы классикалық туындылардан қазіргі күні эксперименттер жасап жатады. Актриса ретінде мен мұны құптамаймын. Іс-қимылға, әрекетке, биге құрып жатады, бірақ одан актерлар ашылмайды. Бәлкім, ол да керек шығар, бірақ әр нәрсенің өз шегі болады. Классикада сөз бар, жан бар, тағдыр бар...Бұларды адам өз басынан өткермей, халықты сендіре алмайды. Содан, қазіргі жастардың ішінде де, сөзді құр жаттап алып, тереңіне үңілмейді. “Пьесадағы мына рөлім нені айтқысы келіп тұр? Автор не дейді? Өз тарапымнан не қосуым керек?” деп ойланбайды. Режиссер не қосты соған қарай беттеп, актер жұмыс істеуі керек. Ал құр әрекеттен ештеңе өнбейді.
Сонда қазіргі әртістердің бойынан қандай қасиеттер табылуы керек деп ойлайсыз?
Әртіс тұрмақ, ежелден бойымызға сіңген көп адами қасиеттеріміз жоғалып кетті. Қазіргі өмір өзгеше. Дамыған техникаға еріп, қазақтың қанындағы инабаттылық, адалдық, жанашырлық, басқа да қасиеттерден жұрдай болғандаймыз. Сондықтан ең бірінші адам бойында тектілік, мәдениеттілік болуы керек.
Театр артисі болмағанда, басқа қандай саланың тізгінін ұстар едіңіз?
Қаныш атама еліктеп геолог болып кетер ме едім деп ойлап қоямын... Кім біледі...
.jpeg)
Сіз үшін өмірдің мәні неде?
Өмірдің мәні мына сенің тіршілігіңде. Өмірде қажетке жарадым ба, біреуге керек бола алдым ба? Өмірде біреуге керек болсаң, сахнаға керек болсаң, туған-туыстарыңа сыйлы болсаң – өмірдің мәні сонда!
Өмір мен өнерді шатастырып алған кездеріңіз болды ма? Образдан шыға алмай дегендей...
Болады, көп емес. Мәселен, қай жерде болсын ойлап жүресің, “әлгі рөлімді қалай шығарсам екен, қалай істесем дұрыс” деген сияқты өмірде образда жүресің, ал спектакльден кейін арқадан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаласың. Соның өзінде “сол жерін дұрыс жасадым ба, әй, әттеген ай” деп отырасың. Образдан арылу оңай емес, оған уақыт керек.
Кинода өзіңіздің қолтаңбаңызды қалдырдыңыз...Бұл табыс табудың жолы ма, әлде алға қойылған мақсаттардың бірі ме?
Киноның өзі Құдайдың берген бағы шығар деп ойлаймын. Біздің кезімізде кино деген болмады, ары кетсе, кішігірім ғана сериалдар болды. Қазіргі таңда кино актерға айтарлықтай мүмкіндік беріп жатыр. Бұрынғыдай емес көрермен де экраннан актерлардың ойынына қарап, бақылап, бағалай алады. Мен көбіне «ана» мен «әженің» рөлдерінде ойнадым. Актер театр актеры болса, онда ол киноға дайын деген сөз. “Тракторшының махаббатында” мысалы, мықты актерлар ойнады. Солармен ілесіп, рахаттанып ойнаймын, жетпей жатсам басып озуға тырысып, бәсекелесіп, құраммен тығыз әрі жақсы жұмыс істейміз. Жастармен жарысқан керемет сезім сыйлайды. Бағыма қарай бұйырған кастингтерден өтіп жүрмін. Бірақ киноға ақша үшін барған емеспін. Халық өнерімді білсе, көрсе, таныса деген ізгі қиял ғана мені жетелеп келеді.
Өмірде нені бағалайсыз?
Адалдықты бағалаймын. Істеген ісіңе деген адалдық, айналаңдағы адамдарға деген адалдықты жаным сүйеді.
Халық әртісі – сізге кешігіп жеткен атақ. Оны мойындауымыз керек. Ертерек алғанда деген өкініш болмады ма? Оның үстіне Бикен Римова театрынан алысқа ұзамадыңыз...
Сонау 1975 жылы келгелі бері осы театрдамын. Осы қара шаңырақта өсіп-өнгендіктен, балалы-шағалы болғандықтан, талай қуанышты да, қиындықты да осы күнге дейін бірге еңсеріп келгендіктен бұл театрдың мен үшін орны бөлек. Театрымыз еш театрдан кем емес, қанша тарихи туындылар сахналанды, комедия, драма да қойылды. Бір сөзбен айтқанда, шоқтығы биік, жұлдызы жанған театр. Бір қызығы, ешқашан атаққа “Мені ұсыныңыздар, мен түсейін, мен алайын” деп айтып көрмеппін. Осы жолы да түсірілімде жүргенімде, “суретіңізді жіберіңіз” деген хабарлама келді. Мен атақ алатынымды білмей, артық ойсыз жібере салған болатынмын. Сөйтіп, ойда жоқта осындай марапатқа ие болдым. Атақ үшін емес, өнерге адал еңбек ету керек, сол жағдайда басқасының бәрі өзі келеді.
Халық әртісі ретінде айтыңызшы, қазіргі әртістерге не жетпейді?
Алдарында келе жатқан ағаларынан, апаларынан үйренулері керек деп ойлаймын. Бірде Түркістанда “Бөрте” спектакльін қойдық. Сондағы актерлардың еңбек ету құлшынысына қарап рахаттанғанмын. Актерларға көп оқу керек, ең маңыздысы – үнемі ізденісте болу.

Бикен Римова театрының репертуары жылдан жылға жаңарып келеді. Көрерменнің сұранысына икемделіп келе жатқандай... Бұған сіздің ойыңыз қандай?
Жоқ, мен оған келіспеймін, біздің театр репертуарында бәрі бар. Кезінде “Абылай хан”, “Бәйбіше тоқал”, Шекспирдің “Асауға тұсау”, “Ханкене” А.П.Чехов пьесалары т.б тамаша спектакльдер қойылды. Ауыз толтырып айтарлықтай, театр ұжымы барлық хандарды сомдап шықты. Одан қалса, жақсы комедиялар да аз болған жоқ, мелодрама да қойылды. Біздің театрдың репертуары мықты болатын. Дегенмен, кейінгі кезде әрине, бәлкім эксперименттердің әсері болар, театр сәл жұқалтаң болып бара жатқаны шындық. Театр сахнасы – қазақтың бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрді сақтап қалудың таптырмас құралы.
Қазіргі заманның сыншыларының да пікірі жұқалтаң секілді. Ұлы өнерді оятуға байырғы Әшірбек Сығай сынды мықтылар керек секілді.
Әрине, театрды адал бағалайтын адамдар ауадай қажет. Актерлар сыншыдан көп дүние күтеді. Бірақ, жалғыз Әш ағаңның сөзі бүкіл республика театрларына жететін...Ол кісі өмірден озған соң, құдды театр атасы кетіп, қаңырап қалғандай сезінемін өзімді. Ол мақтамен бауыздайтын... Өте мәдениетті, өте әдепті түрде жеткізеді.
Театр өнерін “өлтіріп” алмау үшін не істеу керек деп санайсыз?
Әр актер өзіне ұсынылған рөлге жіті мән беріп, оның астарына үңіліуі тиіс. Қазақы әдептен аттамай, сезімді “булығу” арқылы көркем жеткізу актердің парасаттылығы мен оны сана шеңберінде саралауында жатыр.
Биыл Биапа театрының 50 жылдығы... Сіз де 75-тің биігіне шықтыңыз...
Иә, адам қанша жасқа келсе де ертеңіне қарайды. Біздердің 75 жылдығымыз, Бикен Римова театрымыздың 50 жылдығы да келіп кетті. Биыл ауқымды жаңалықтар өте көп. Жақсы қойылымдар қойылса екен деп армандаймыз, жақсы режиссерлер керек. Ең бастысы – осы ұлы өнерді өлтіріп алмасақ болды.
Әсерлі әңгімеңізге рақмет!