Халық санағы кезінде азаматтардың деректері қалай қорғалады?

7 Маусым 2021, 13:28
2321
Бөлісу:
Халық санағы кезінде азаматтардың деректері қалай қорғалады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық халық санағын өткізу кезіндегі басты мәселелердің бірі - азаматтардың жеке қауіпсіздігі. Санақ кезінде интервьюерлер еліміздің азаматтарының жеке мәліметтерімен тікелей жұмыс жасауына тура келеді. Сондай-ақ көп адамда осыған байланысты «мәліметтер үшінші тұлғалардан қаншалықты қорғалған» деген сұрақ туындайды.

Азаматтардан санақ кезінде алынған барлық ақпараттар Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне жіберіледі.

Ұлттық статистика бюросының ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдардың аса маңызды нысандарының тізіміне енгізілген және ҚР ҰҚК «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның талдауына алынған. Тоқсан сайын жүйенің осал тұстарын анықтау мақсатында тексеру жүргізіліп отырады. Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған болатын, - делінген Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз хабарламасында.

Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі - Sectigo SSL-сертификаты алынды.

Халық санағы кезінде мәліметтерді орталық серверге беру екі тәсілмен жүзеге асырылады. Біріншісі – планшеттен онлайн режимде қорғалған желі арқылы (интернетке қосылмай) ұялы байланыс оператарының мәліметтерді пакеттік беруі. Мұндай байланыс түрін интервьюер барлық деңгейде (қалалық, аудандық, ауылдық) оператор қызметінің байланыс аймағында планшетті қолданып жүргізе алады.

Екінші тәсіл – ұялы байланыс нашар шалғай ауылдарда сауалнама жүргізу кезінде пайдаланылады. Интервьюер үшін деректерді қорғаныс каналы арқылы орталық санақ серверіне оффлайн режимде тікелей Ұлттық статистика бюросының бірыңғай санақ базасына жіберу мүмкіндігі көзделген.

Жіберілетін барлық файлдар шифрланған.

Алғашқы статистикалық деректердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін процестер шеңберінде қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органмен бірге жүзеге асырылады. Бұдан басқа, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-тармағына сәйкес алғашқы статистикалық деректер құпия болып табылады және оны мемлекеттік статистика органдары тек статистикалық ақпаратты алу, жинау мақсатында ғана пайдаланады. Мемлекеттік статистика органдары алғашқы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және сақтау кезінде олардың құпиялылығын қамтамасыз етеді, - деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросы.

2021 жылдың Ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйектен 30 қазан аралығында жүргізіледі. Оған онлайн режимінде де, дәстүрлі әдіспен де қатысуға болады. 2021 жылдың санағының ұраны - «Қазақстанда әркім маңызды! В Казахстане каждый важен!».



Өзгелердің жаңалығы