Ғылымсыз агро немесе ауыспалы егістік ауадай қажет

24 Ақпан 2023, 18:12
3888
Бөлісу:
Ғылымсыз агро немесе ауыспалы егістік ауадай қажет
Фото: автордан

Елімізде егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтары алқыптарының 85-90%-ға жуығына дәнді-дақыл себіледі, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мамандардың айтуынша, бұл топырақтың әбден тозып бітуіне әкеледі. Сондықтан ауыспалы егіншілікті жолға қоймасақ жағдай қазіргіден де мүшкіл болып кетуі ықтимал. 

Бұл жөнінде А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Ауыспалы егіс зертханасының меңгерушісі Алдаберген Қияспен әңгіме барысында хабардар болдық.

Ғалымның айтуынша, соңғы 60 жылдың көлемінде еліміздің солтүстік облыстары тек дәнді-дақылдармен немесе астықпен ғана айналысуының салдарынан топырақтың құнарлылығы жыл сайын төмендеп барады. Яғни топырақ қабаттарындағы қарашірік (гумус) мөлшері тиісті шамадан өте төмен түсіп кеткен. Көп жылдан бері жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей астықты-парлы ауыспалы егістер арқылы астық өндіру мәселені толықтай шеше алмады. Егіс алқаптары тиімді пайдаланылмады. Ең өкініштісі сол, қазіргі күннің өзінде топыраққа кері әсерін тигізетін осы дәстүр сол бойы, еш өзгеріссіз жалғасып келеді. 

Бүгінде әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігі деген ұғым пайда болды. Бұл – адамзат алдында тұрған ең үлкен мәселенің алдын алу амалы деп түсінген абзал. Осы тұрғыдан келгенде біз айтып отырған ауыспалы егіс жүйесі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің шешуші жолдарының бір парасы болып тұр. 

Ғылымсыз агро немесе ауыспалы егістік ауадай қажет

Алдаберген Қиястың айтуынша егіс алқаптарына тек астық егу салдарынан ең әуелі – топырақтың тозу қаупі туындап отыр. Екіншіден – астықтың сапасы төмендейді. Үшіншіден – сапа төмендегендіктен өнімділік те күрт нашарлап кететіні белгілі. Ал бұл көрсеткіштер – әлемдік деңгейге шыққан азық-түлік қауіпсіздігінің бас ауыруына айналары сөзсіз. 

Осыған сәйкес біздегі шаруа қожалықтары бірыңғай астықпен емес ауыспалы егістік жүйесіне көшсе жоғарыда айтылған үш түрлі күрделі мәселе өздігінен шешілері анық. 

Егер біз белгілі бір танапқа бір жыл бойы астық өсірсек, келесі жылы сол танапқа майлы дақылдарды салуымыз керек. Одан кейінгі жылы мал азықтық немесе бұршақ дақылдарын сеуіп отырсақ өнімділік бірден 4-5 есеге артып шыға келеді. Бір сөзбен айтқанда топырақ тыңайып, табиғи жолмен өз қалпына келеді. Ауыспалы егістіктің басты ерекшелігі және қасиеті осы, - дейді ғалым Алдаберген Қияс.

Қазіргі таңда отандық нарықта жәй ғана тауарлық бидайдың бір тоннасының құны 110 000 теңге. Ал бір тонна ноқаттың құны 550 000 тг, жасымықтың тоннасы 350 000 тг. Ең қызығы ғалымның түсіндіруінше қазір Қазақстанда 1 тонна тауарлық астықты өндіруге 130 000 тг жұмсалады екен. Енді байқасақ астық өнімінің жыл сайынғы қымбаттауының өзі жер өңдеуді дұрыс пайдаланбауға тікелей байланысты болып отыр. Демек бізде ұн немесе нан, күріш т.б. қымбаттап кетер болса, түйткілді сатып алушы немесе сатушыдан емес алдымен жерді пайдаланушыдан бастау керек. 

Ауыспалы егістіктің пайдасы мен зияны барысында 25 жыл тәжірибе жүргізген ғалымдар тобының пайымдауы ой саларлық. Мысалы кез-келген шаруа қожалығы 100 га жерге егін салды делік. Оның 50-55%-на астық дәнді-дақылын, қалған 40-45%-ы басқа дақылдардың үлесінен болуы қажет. Осы кезде барып бағаның қымбаттауы мен азық-түлік қауіпсіздігінің алдын алуға септігі тиеді. Себебі қымбат дақыл түрі арзандаған дақылдың шығынын жауып, тепе-теңдікті сақтап отырады. Бұл өз кезегінде экономиканы да ретке келтірері сөзсіз. Егер осындай қарапайым жүйені жолға қоятын болсақ, Канаданың қазіргідей ауқатты ауылшаруашылығы жағдайына бір табан жақындай түсер едік. Бір сөзбен айтқанда, біз ас ретінде пайдаланатын өзімізде жоқ дақыл түрлерін қымбат бағада сырт елдерден тасымалдамайтын жағдайға жетеміз. 

Біздің шаруаларымыз тек астық егуге құмар. Олар неге өзге дақылдарды себуге, одан өнім алуға құлқы жоқ? Әлде бидайдан түсер пайда шынымен шаш етектен бе?

Ғылымсыз агро немесе ауыспалы егістік ауадай қажет

Бұл сауалдарға Алдаберген Қиястың берген жауабын оқып көріңіз.

Біздегі шаруа қожалықтар аз қиындықтан қашамыз деп, мол қаражаттан қағылып отыр. Оның себебі біреу-ақ. Барлығы техникалық мүмкіндікке келіп тіреледі. Егер шаруа қожалығы күнбағыс өсірген болса сәйкесінше күнбағыс жинайтын комбайн қажет болары сөзсіз. Ал жүгері немесе қарақұмық салса сәйкесінше техниканы ауыстыру қажет. Сондықтан олар тек астық оратын комбайн ғана сатып алады да, бидай ғана еге беруге құмар. Оның сыртында, ол техниканың дені кеңестік дәуірден келе жатқаны да жасырын емес. Ал оның арғы жағындағы пайдасы туралы ешкім бас ауыртып, қаражат шығындағысы келмейді – дейді ғалым.

Ғалымның айтқанымен толықтай келісуге болады. Себебі салдарын өзі де мысалға келтіріп отыр. Күнбағыстың бір өзінен бірнеше дайын өнім алуға болады. Қарапайым түрде дүкенде сатылып жатқан 100 гр күнбағыс дәнінің бағасын 1 тоннаға көбейтсек, құны қанша болары айтпаса да түсінікті. Ал күнбағыстан алынан май өнімінің өзі бүгінде нарықта 2 есе қымбаттады. Енді одан қалған қалдық мал азығына жөнелтіледі-мыс. Демек пайда бар деген сөз. Алдаберген Қиястың соңғы 10 жылдықта шырылдап айтып жүрген басты мәселесіның негізгі түйінін түсіну аса бір қиын дүние емес. 

Тауар өндірушілер ғылымға жақындамайды. Ғылымның жаңалығын сұрамайды. Осының салдарынан қазір елеміздегі көптеген шаруа қожалықтары егіншіліктің қазіргі заманғы проблеммаларын білмейді, - дейді ол.

Ғалымның шаруаларға байланысты айтып отырған пікірінің жаны бар. Ауылшаруашылығы саласы бойынша әлемде алдыңғы қатарға шыққан Канада, Франция, Германия секілді мемлекеттерде шаруалар ең алдымен ғылымға жүгінеді. Ғылымның берген кеңесі немесе дәлелдерінсіз бір қадам алға не артқа жылжымайды. Міне осы қағиданы орындаған тұста шаруаның да, ғылымның да есебі түгел болмақ. Ал мұндайда шаруа қожалықтары астықтың асыл тұқымы деп әкеліп егістікке сеуіп жатқан дәннің жәй ғана тауарлық бидай сұрыпы болып шықпасына кім кепіл?! Мұны анықтау әзірге қиын. Бұл енді астық шаруашылығы саласында көтерілетін өз алдына басқа мәселе. 

Алдаберген Қияс шет елдік тәжірибені ұсына отырып, еліміздің біршама жерін аралай жүріп, қожалықтардың басшыларымен жолыққанын айтады. Мәселені төтесінен қойып, көмектесетіндігін де ескерткен. Бірақ егіншілікпен айналысатын шаруашылықтар еш ыңғай танытпапты. Әрине арасында тың тәсілді мойындап, бірлесе жұмыс жасағандары да бар. Десе де ондайлар саусақпен санарлық қана дейді ғалым. 

Жоғарыда айтқан елдерде кез келген шаруаның басына қиын жағдай туындаса мемлекет дереу ғылымға жүгінуді тапсырады және сол едің үкіметі мәселенің оң бағытқа ауысуын жіті бақылауында ұстайды. 

Демек ғылымның жүйесінде жұмыс жасаған жер пайдаланушы нарықтың алдыңғы қатарында болмақ.

Өзгелердің жаңалығы