«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды

24 Ақпан 2023, 18:00
1768
Бөлісу:
«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері «ТURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблі  Алматыда «FOLK & SYMPHONY» жобасы аясында концерт берді. Бұл ансамбльдің 15 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған биылғы алғашқы концерті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«FOLK & SYMPHONY» – симфониялық оркестр мен қазақтың көне музыкалық аспаптарын біріктіріп, Америка, Еуропа және Азия тыңдармандарының жүрегін жаулаған «TURAN» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің бірегей жобасы. Бұл жоба қазақтың музыка мәдениетін сақтауға, дамытуға және танымал етуге бағытталған.

Концерттік бағдарламада «ТURAN» ансамблінің репертуарындағы «Бүркіт», «Сырласу», «Ақсақ Құлан», «Аққу», «Ортеке», «Толғау», «Ұлы Тұран мәңгілік», «Қара жорға», «Көроғлы, «Ер Тұран» секілді фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалды.

Концерттік шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтті.  1938 жылы құрылған еліміздегі алғашқы симфониялық оркестр Қазақстанның ең ірі әрі жетекші музыкалық ұжымы. Чехия, Польша, Германия, Австрия, Франция, Ұлыбритания, Америка, Түркия, Корея, Қытай елдерінің композиторларымен, көрнекті дирижерлерімен авторлық концерттік кездесулер ұйымдастырып, әлемдік деңгейдегі көптеген орындаушылармен бірге өнер көрсеткен.

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Қанат Омаров  – 2015 жылдан оркестрдің көркемдік жетекшісі жəне бас дирижері болып қызмет етеді. Қазақстанның халық әртісі, профессор, отыз жылға жуық Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің бас дирижері болған Төлепберген Әбдірашевтен тәлім алып, лайықты деңгейде ізін жалғастырып келеді. Сонымен қатар, «Метрополитен» опера театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро – Фабио Луизиден тағылымдамадан өтіп, мамандығының қыр-сырын игерді.

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

«ТURAN» ерекше топ. Үнемі ізденісте жүреді, жаңа бір формаларды ұлттық нақышта жасауға тырысады. Бүгін симфониялық оркестрмен бірге ойнады. Сифониялық оркестр мен халық аспаптарының үні екі бөлек болғанымен, үндесіп бірінен бірі жалғасып кетуі керек. Сондай эксперименттерді «ТURAN» ансамблі жасап келеді. Ансамбль балетке де өз үнін қосты. Киноға да музыка жазады. Өнерлерімен жаңа формаларға, жаңа жанрларды бойлап, орындаушы ғана емес, композитор ретінде әлемге танылып жатыр. Дәріс концерттер өткізіп, қазақтың әрбір аспабы туралы әңгімелейді. Осылайша бес жігіт қазақ өнерін насихаттап, әлемдік сахналарда паш етіп жүр, - деді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова.

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Түркі дүниесінің музыкалық брендіне айналған «ТURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әлемнің 70-ке жуық елінде 1300-ден астам жеке концертін өткізді. 2022 жылы ансамбль Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыртуымен және Бакудегі XIV У.Гаджибейли, сондай-ақ, Сеулдегі «Asia Song Festival» халықаралық музыка фестивалінде өнер көрсетіп, Әзірбайжан мемлекетінде өткен ІІ Яилаг халықаралық фестивалінің арнайы қонағы болды. 

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Ансамбль «Mendirman Jaloliddin» атты түрік тарихи сериалының екінші маусымына саундтрек жазды. Айта кетейік, «TURAN» ансамблі бұған дейін «Diriliş Ertuğrul» (реж: Mehmet Günay, Түркия), «İsimsizler» (реж: Emre Konuk, Түркия), «Дала дауысы» (реж: Ермек Шынарбаев, Қазақстан-Франция) және т.б. халықаралық жобаларға музыка жазған болатын. 15 жылдық мерейтойына орай ансамбль әлемдік турне аясында Түркияның бірнеше қаласында және Еуропаның бірқатар мемлекетінде концерт беруді жоспарлап отыр. 

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

Он бес жылдық мерейтой аясында Қазақстанның барлық қаласына барып концерт қоямыз. Биылғы ең алғашқы концертіміз Алматыда өтті. Туған жерге тағзым жасап әлемдік турнеге аттанғалы отырмыз. Соңғы жағдайларға байланыстыТүркияның бірнеше қаласында өткелі отырған концерттерді кейінге шегеруге тура келді. Сондықтан ең бірінші гастрольдік сапарымыз Қазақстанның батыс аймақтарынан басталады. Әрі қарай Еуропаның он шақты мемлекетіне барып, танымал сахналарда концерт береміз. Швейцария, Франция, Бельгия, Австрия, Хорватия, Словения, Мажарстан секілді елдердегі тыңдармандарды қуантқалы жатырмыз. Турнеміз әрі қарай Қазақстанда жалғасады. Өзбекстан мен Қырғызстанның ұлттық симфониялық оркестрлерімен бірлесіп Ташкент пен Бішкекте концерттер қоямыз. Одан кейін Түрки мен АҚШ-та өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз, - деді «ТURAN» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің солисі Серік Нұрмолдаев.

Шығармашылық ұжым «Карнеги Холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт үйі» (Берлин, Германия), «Кремль сарайы» (Мәскеу, Ресей), Санкт-Петербургтегі «Мариин театрының концерттік залы» (Ресей), «Конгресстер мен фестивальдер сарайы» (Канн, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты атақты залдарда өнер көрсетті. 

«ТURAN» этноансамблі он бес жылдық мерейтойына орай әлемдік турне жасайды
Фото: "Қазақконцерт" баспасөз қызметі

«ТURAN» ансамблі 2008 жылы құрылған, заман талабына сай қазақ халқының ұлттық музыкалық мұрасын дамытып, көне аспаптардың үнін жаңа үлгіде жаңғыртуға атсалысып жүрген өзіндік ерекшелігі бар өнер ұжымдарының бірі. Сондай-ақ, түркі әлеміне ортақ көмеймен қайлау өнерінің шеберлері. Ансамбль құрамындағы музыканттар 30-дан астам ұлттық аспапты меңгерген. Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев, Жанту Дадабаев – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солистері, Мәдениет саласының үздіктері, философия докторлары (PhD) мен өнертану магистрлері.

Өзгелердің жаңалығы