Ғылыми қызметкер: Тоқаев ескі жылға есеп беріп, жаңа жылға бағдарымызды айқындады

5 Қаңтар 2024, 20:45
653
Бөлісу:
Ғылыми қызметкер: Тоқаев ескі жылға есеп беріп, жаңа жылға бағдарымызды айқындады
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына ФСДИ жетекші ғылыми қызметкері Әйгерім Алтайқызы пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» баспасында сұхбаты жарық көрді. Мақалада қоғамда талқыланып жүрген өзекті сұрақтардың бірқатарына жауап берді. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылда күтілетін міндеттерге тоқталды. Жаңа экономикалық үлгінің негізгі басымдықтары аталды, оның ішінде, жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру стратегиялық мақсат ретінде жүзеге асатындығын айтты. Екіншіден, ұлт мүддесі, қоғамдық құндылықтар жүйесі, сыртқы саясат аясындағы маңызды іс шаралар сияқты маңызды идеологиялық бағыттарға баға берілді. Үшіншіден, халықты толғандыратын ең күрделі мәселе – қасіретті қаңтар оқиғасына кеңінен тоқталып, әр сауалға жеке-жеке жауап берілді. Президенттің пайымдауынша, қаңтар оқиғасының негізгі себебі: елде жасалып жатқан өзгерістер мен реформалар кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. «Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», - деді Президентіміз. Яғни елдегі соңғы трансформацияларға деген белгілі топ өкілдерінің көңіл толмаушылығы қаңтардағы бейбіт шерулердің қанды қырғынға ұласуына себепші болды. Алайда Қасым-Жомарт Кемелұлы болған оқиғаны төңкеріс деп бағалауға болмайтындығын айтады. Сондықтан азаматтар өз пікірлерін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес ашық айта алады. Мәселен, жақында петицияларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданғаны белгілі. Бұл – бейбіт әрі демократиялық құралдардың бірі, - дейді ФСДИ жетекші ғылыми қызметкері Әйгерім Алтайқызы.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы әзірленгені құптарлық іс. Назар аударатын жағдай – Президент сыртқы саясаттағы бағдарлар мен орталықтарды атап көрсетті. «Орталық Азия – геосаяси ахуалға қатысты өз пайымы бар әрі қарқынды дамып жатқан аймақ» деп бағалайды, ал С+ үлгісіндегі ықпалдастықтың өзектілігі артып келеді. Тоқаев, әсіресе, Қытаймен ынтымақтастық, сауда қарым-қатынасы және де транскаспий халықаралық көлік дәлізі бойынша пікірін білдірді. 

Соңғы уақытта Қазақстан қоғамын әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылық мәселесі толғандырып отырғаны белгілі. Бұл мәселеге де Президент көңіл бөлді, әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болады деп қорытындылады. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасы әзірленуде. Бұл, меніңше, жағымды жаңалық. Себебі әйелдер мен балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаймыз десек, заң мықты болу керек. Қорытынды бөлімінде Президент жаңа жыл өткен жылды бағалап, келешекке жоспар құру үшін маңызды дейді. Алайда тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы – төл мерекеміз – әз-Наурызға ерекше назар аудару керектігін айтады, - дейді ФСДИ жетекші ғылыми қызметкері һӘйгерім Алтайқызы.

Өзгелердің жаңалығы