Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысы туралы баяндады.
Өздеріңіз білетіндей, 2017 жылдары Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысы қоғамда үлкен сынға ұшырады. Оның себебі – кеңестерге мүдделі ұйым басшыларының араласуы, шешімдердің жасырын дауыс беру арқылы қабылдануы, кеңес шешіміне апелляция институтының болмауы. Осыған орай Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының форматын өзгерттік, - дейді Аймағамбетов.
Оның сөзінше, біріншіден, кеңес отырыстары енді ашық, тікелей эфирде өткізіледі.Ал шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Бұл бірінші кезекте тікелей қаржыландыру мәселелеріне байланысты.
Екіншіден, кеңес құрамын қалыптастыру тәртібі енгізілді. Осылайша кеңестер құрамына наукаметриялық көрсеткіштерге сәйкес мықты ғалымдар кірді. Кеңес мүшелерінің Этикалық Кодексі қабылданды. Сонымен қатар кеңес шешімдерінің объективтілігі мен негізділігін одан әрі арттыруға бағытталған апелляциялық комиссия институты енгізілді, - деп түсіндірді Білім басшысы.
Сонымен қатар ғылым саласындағы тағы бір оң өзгеріс – ол конкурстық рәсімдерді жеңілдету.
Бұрын конкурстық рәсімдер 6 айға созылатын, енді олардың мерзімі 2 есеге азайтылды. Конкурстық құжаттаманың көлемі 2,5 есеге азайтылды. Конкурстық өтінімді қайта өңдеуге қосымша уақыт беріледі. Сараптама мерзімі екі есеге қысқарды. Сондай-ақ ғалымдарға толық қаржылық дербестік берілді, - деп айтты министр Үкімет отырысында.
Одан бөлек, бюджет арқылы өтетін зерттеулер туралы толық ақпарат интернетте ашық жарияланады. Яғни мемлекет бюджетінен берілген қаражатты жеңіп алған ғалым немесе институт туралы мәлімет, жоба бойынша есептері мен нәтижелері қоғамға қолжетімді болады.