Ғылыми байланыстар Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайтады - Дәурен Әбен

Бөлісу:
Ғылыми байланыстар Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестікті нығайтады - Дәурен Әбен
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар жөнінде айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
 

Сапар барысында талқыланатын басым бағыттардың бірі мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту болмақ. Мәдени байланыстың маңызы қандай?

Мәдени-гуманитарлық сала Қазақстан мен Ресейдің ұзақ мерзімді әріптестігінің маңызды бөлігі болып табылады. Осыдан 30 жыл бұрын, 1994 жылдың наурыз айында қол қойылған елдеріміз арасындағы мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге негізделе отырып екі тарап осы саладағы өзара байланыстарын одан әрі тереңдетуге ұмтылады. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның құрамында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бойынша кіші комиссия қызмет етеді. 2022 жылдан бастап екі елдің тиісті мекемелері бұл ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп көптеген жобаларды жүзеге асырып жатыр. Біздің ел үшін маңызды мәселелердің бірі – Ресейдің мемлекеттік фильм қоры мұрағатында сақтаулы Кеңес Одағы кезінде қазақ кинематографиясының классиктері жасаған фильмдердің алтын топтамасын Қазақстанға қайтару. Ол топтаманың ішінде 300-ден астам көркем, анимациялық, деректі фильм түпнұсқалары бар. Бүгінгі сапар аясында қол жеткізілетін келісімдер осы мәселені шешуге, мәдени саладағы өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосатынына сенімдімін. Жалпы айтқанда, екі ел арасындағы тығыз мәдени байланыстар тек дипломатиялық қарым-қатынастарды нығайту үшін ғана қажет емес, сонымен бірге халықтардың өзара түсіністік пен сыйластығын күшейтуге, мәдени алмасуын арттыруға және ортақ мәдени мұраға еркін қол жеткізуге мүмкіндік туғызады,- деді Дәурен Әбен. 

Қазақстан мен Ресей арасында 240-тан астам бірлескен ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда екі елдің ғалымдары осыншама бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырып жатқаны біздің ғылым және білім саласындағы тығыз ынтымақтастығымызды көрсетіп қана қоймай, Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-техникалық серіктестігінің жоғары деңгейін айғақтайды. Көбінесе бұл жобалар ғылыми коллаборация аясында ресейлік серіктестерді бірлескен зерттеу жұмыстарына тарту арқылы жүргізіледі. Жобалар әртүрлі бағыттар бойынша іске асырылып жатыр, соның ішінде экология және табиғатты қорғау, медицина және биотехнология, жаратылыстану ғылымдары, цифрлық және ғарыштық технологиялар, геология, озық өндіріс, агроөнеркәсіп, энергетика және т.б. Осы жобаларға жас ғалымдарды белсенді түрде тарту, бірлескен конференциялар және тағылымдамалар ұйымдастыру арқылы екі ел ғылыми әлеуеттерін нығайтып жатыр,- деді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы.

Дәурен Әбен өзара ғылыми байланыстар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтатытын атап өтті.

Соңғы кезде Қазақстан мен Ресей тарихшыларының ынтымақтастығы туралы көп айтыла бастады. Менің пікірімше, бұндай ынтымақтастық құрылған күннің өзінде шектен тыс саясаттандырылмай, Қазақстанның ұлттық тарихын жазуға араласусыз тек қана таза ғылыми жұмыспен айналысу мақсатында қызмет жасау керек. Қорытындай келе, өзара ғылыми байланыстар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтады деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар, сәтті нәтижемен аяқталса, бірлескен жобалар екі елде жаңа технологияларды енгізуге және инновациялық дамуға, оларға қатысқан ғалымдарың халықаралық ғылыми беделін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз,- деді Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы.

Өзгелердің жаңалығы