Ғылымға деген құштарлық: PhD доктор Бауыржан Базарбаймен сұқбат

12 Сәуір 2025, 09:03
1974
Бөлісу:
Ғылымға деген құштарлық: PhD доктор Бауыржан Базарбаймен сұқбат
Фото: BAQ.KZ

Бүгін – Қазақстандағы ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл мереке еліміздегі ғылыми ортаға құрмет көрсетіп, мамандар еңбегін айрықша бағалайтын күн. Соңғы жылдары ғылым саласы Қазақстанда басым бағыттардың бірі ретінде белгіленіп, мемлекеттік және жеке сектор тарапынан қолдау күшейді. 

Президент Қасым‑Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ғылымға бөлінетін қаржы ұлғайып, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу инфрақұрылымын жаңғыртуға және жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бағдарламалар қабылданды. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазан ұлттық техникалық зерттеу университетінің оқытушысы, PhD доктор, жас ғалым Бауыржан Базарбаймен сұхбаттасты.

- Ғылымға қызығуыңыз қалай басталды? Бұл салаға қадам басуға не түрткі болды?

- Жаңа нәрселерді талдау мен зерттеу мен үшін мектеп қабырғасынан бері қызық. ЖОО-на түскенде дипломдық, магистрлік жұмысымды, кейін докторантурадағы ғылыми зерттеулерімді жүргізу барысында мен әрдайым құштарланып, жігерленіп, ғылымға деген қызығушылығым әр сатыға көтеріліп отырды.

- Қазіргі кезде қандай маңызды нәтижелерге қол жеткіздіңіз және олар ғылымға немесе қоғамға қандай пайда әкелуі мүмкін?

-Біздің ғылыми нәтижелеріміз – Қазақстанда және әлемде кеңінен дамып келе жатқан аддитивті өндіріс, яғни 3D-баспа саласына қатысты. Зертханалық кабинетте қарапайым 3D-принтерді қолдана отырып, металдан жасалған геометриялық пішіні күрделі бұйымдарды әзірледік. Дәстүрлі әдістер қомақты қаражатты талап етсе, біз әзірлеген тәсіл арқылы сапалы әрі арзан прототиптер шығаруға мүмкіндік туды. Осы бағытта үлкен ғылыми жұмыс істеп, көптеген зерттеулер жүргізгенімізге қуаныштымын.

Ғылымға деген құштарлық: PhD доктор Бауыржан Базарбаймен сұқбат

- Зерттеу барысында кездескен ең үлкен кедергілер қандай болды және оларды қалай жеңдіңіз?

-Ең қиын мәселе – қажетті сападағы өнім алу болды. Материалды толық зерттеп, метал ұнтақтары мен полимерді (пластмасса) араластырып, металл‑полимерлік композиция дайындадық. Осы материалды өзіміз әзірлеген арнайы пресс-құрылғы мен камерада өңдеп, 3D-принтерден кейін күйдіру әдісін ұзақ уақыт эксперимент арқылы жетілдірдік. Нәтижесінде ішкі құрылымы мінсіз, талапқа сай өнімге қол жеткіздік. Сонымен қатар, еліміздегі ғылыми-техникалық жобалар грантына қатысып, жеңімпаз атанып, қаржыландыру алдық.

- “Аддитивті технологияны пайдалана отырып, жоғары сапалы өнім өндіруге арналған бағдарламалық басқаруы бар газ-динамикалық қондырғысы бар престеу құрылғысы мен камерасының жаңа конструкциясын әзірлеу” атты ғылыми жобаңыз жайлы айта кетсеңіз.

- Бұл жобаны мен докторантурадағы жетекшім Серік Машековпен бірге дайындадық. Ол кісі – білімді ғалым, менің ғылымдағы қалыптасуыма зор үлес қосқан адам еді. Өкінішке қарай, Серік ағамыз COVID-19-дан қайтыс болып, жоба жарты жолда қалған. Одан кейін Бақыт Абсадықов жобаның жетекшісі болып, әрі қарай жалғастырды. Ол кісіге де айтар алғысым шексіз. Сондай‑ақ, институтымыздың Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесовке, Басқарма мүшесі — Ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Көлдеевке алғысымды білдіремін. Ол кісілер өз тарапынан қолдау білдіргеннің арқасында тереңірек әрі анық зерттеу жүргіздік.

- Ғалым болуды қалайтын жас зерттеушілерге қандай кеңес берер едіңіз?

-Ғалым болуды армандайтын жас зерттеушілерге күніне 4-5 мақала "web of science және scopus" базаларындағы жоғары рейтингті мақалаларды талдап, әлемде болып жатқан ғылыми жаңалықтармен танысу маңызды. Зерттеліп жатқан ғылми жұмыстармен танысып шығу керектігін айтар едім. Сол кезде оқу барысында өзіндік идеая пайда болады. Сол ұсыныстар бойынша жұмыс істеп, өзін дамытуға болады. Менің жас ғалымдарға айтар ақыл- кеңесім осындай болмақ.

- Алдағы жылдары жобаңызды немесе ғылыми бағытты қалай дамытуды жоспарлап отырсыз?

- Қазір неміс ғалымдарымен бірлесіп газ турбиналары мен қозғалтқыштардың лопаткаларын 3D-принтермен өндіруді зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар, титан қорытпасы мен никель‑хром қорытпаларын қолдана отырып, 2000 °C‑қа дейін шыдай алатын лопаткалар дайындауды қолға алдық. Осындай қызықты бағытты зерттеу үстіндеміз.

- Ғалым ретінде сізді ең көп шабыттандыратын қасиеттеріңіз қандай?

- Ғылыми зерттеу нәтижелері еліміздің экономикасын нығайтып, азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартса – сол мені шабыттандырады. Осы мүмкіндікті жасап, ғылымға көңіл бөліп, жастарға мотивация сыйлап отырған Президент Қасым‑Жомарт Тоқаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке алғысым шексіз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы