Ғылым VS бизнес. Мемлекет үздік идеяларды қаржыландыруға дайын

31 Қазан 2022, 17:14
1045
Бөлісу:
Ғылым VS бизнес. Мемлекет үздік идеяларды қаржыландыруға дайын
Фото: автордан

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым» қорына қарасты Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет тарапынан әр жобаға 300 млн теңгеден астам грант бөлінеді. Бұл қаржыны кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар отандық ғалымдармен бірлесіп алуға мүмкіндіктері бар. Біздің конкурстық құжаттамаға сәйкес мұны екі тетік арқылы жүзеге асыруға болады. Біріншісі – отандық университеттермен бірлесіп стартап-компания құру, - деп атап өтті департамент басшысы елордада өтіп жатқан «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» іс-шарасы барысында берген сұхбатында.

Айтуынша, стартап-компанияның белгіленген үлесі бизнес-серіктеске тиесілі болуы мүмкін. 

Екінші жолы – еліміздің жоғары оқу орындары грант алушы құқығын өздерінің бизнес-өкілдеріне беруге құқылы. Яғни конкурсқа олар бірлесіп қатысады. Университет конкурсқа өтінім беруші есебінде тіркеледі де, бизнес-серіктес ретінде көрсетіліп, соңында грант алушы есебінде бізбен келісімшарт жасау мүмкіндігіне ие болады. Бұл дегеніміз – грант қаржысын университетке емес, сол бизнес-серіктестің есепшотына түседі деген сөз. Бизнеске өте ыңғайлы жағдай. «Ғылым» қоры тарапынан берілетін гранттың арқасында өзінің өндіріс жағдайында енгізіп қана қоймай, сол грант сомасынан алынған технологиялық құрал-жабдықтарды өзінің базасында қалдыруға құқылы, - деп түсіндірді Құрманғазы Омаров.

Белгілі болғандай, әр жобаның іске асырылу ерекшелігіне байланысты жүзеге асыру мерзімі 3 жылға дейінгі уақытқа белгіленеді. Оның үстіне, конкурс нәтижесіне сәйкес, қаражат жалпы өтініштің 20-30 пайыз бөліміне ғана бөлінуі мүмкін. 

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Ғылым және жоғары білім министрлігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» жиынын өткізіп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы