Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай ғылымды дамытуға бөлінетін қаржының тиімділігін арттырып, ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізу және олардың азаматтардың өмір сапасына әсерін бағалау қажет екенін айтты. Бұл туралы ол Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасының ғылымды дамыту саласына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін қарау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда» екенін атап өткен. Бұл еліміздің қазіргі даму кезеңінде ерекше маңызды.
Айбек Дәдебай жаңа Конституцияның маңызды жетістіктерінің бірі ретінде білім, ғылым және инновация салаларының негізгі мемлекеттік басымдықтар ретінде бекітілуін атады.
Ғылым енді қосалқы сала ретінде емес, елдің болашағына, экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылады, – деді Құрылтай төрағасы.
Оның сөзінше, соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артқан. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелермен айналысатын мамандар саны үштен бірге көбейіп, ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құраған.
Соған қарамастан, ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті мәселе болып қалып отыр. Аудит қорытындылары мен отырыстағы талқылау да осыны көрсеткен.
Дәдебай ғылым саласында белгілі бір ілгерілеу бар екенін атап өтті. Ғылым және жоғары білім министрі қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берген. Мемлекеттік органдар Жоғары аудиторлық палата ұсынымдарын кезең-кезеңімен іске асыра бастаған.
Атап айтқанда, ғылым саласында 3 заң мен 13 нормативтік-құқықтық акт қабылданған. 2025 жылы аудиторлардың ескертулерінің жартысынан астамы, ал биыл ұсынымдардың тағы 17 пайызы орындалған.
Ғылымды басқару мен қаржыландырудың тиімділігін арттыру қажет
Құрылтай төрағасы бүгінгі талқылауды қорытындылай келе, ғылым саласын дамытуға қатысты үш негізгі бағытқа тоқталды.
Біріншіден, ғылымды тиімді басқару – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процесті, ұсынымдарды әзірлеуден бастап, түпкілікті нәтижелерді енгізуге дейінгі кезеңді цифрландыру қажет.
Екіншіден, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ғылым мен бизнестің тығыз байланысына негізделуі тиіс. Ғылыми-техникалық тапсырмалар экономиканың және бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылуы керек.
Осыған байланысты бірлескен қызметтің нақты нәтижесіне бағытталған ынталандыру тетіктерін жетілдіру маңызды.
Үшіншіден, ғылыми қызмет нәтижелеріне жүргізілетін мониторинг олардың азаматтардың өмір сапасына әсерін бағалауға тиіс. Ғылыми әзірлемелердің толық өмірлік циклін және экономикаға нақты ықпалын бақылау қажет. Атап айтқанда, технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнімдерді экспорттау нәтижелері ескерілуі керек.
Мониторингтің басты критерийі ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмірін нақты қалай жақсартатыны болуға тиіс, – деді Айбек Дәдебай.
Сөз соңында Құрылтай төрағасы ғылымды дамыту Қазақстанның бүгінгі жағдайы мен болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Ғылым мемлекетке, қоғамға және адамға нақты пайдасын тигізуі керек, – деді ол.
Оның айтуынша, ендігі кезекте Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет.
Ал депутаттар Үкімет және ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін одан әрі пысықтауға дайын.