Ғылым академиясы мемлекеттік деңгейде қолдау табатына сенім мол - ғалым

12 Сәуір 2023, 17:45
1206
Бөлісу:
Ғылым академиясы мемлекеттік деңгейде қолдау табатына сенім мол - ғалым
Фото: kaznaru.edu.kz

Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық академиясының президенті, академик Ғалымқайыр Мұтанов Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыруға қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, елімізде Ғылым күні жоғары деңгейде аталып өтілуде.

Осындай атаулы күн ғылымға жұртшылықтың көңілін аударуға өте қажет. Өйткені ғылымның бар екенін, ол салада жұмыс атқарып жүрген жандардың қызметін адамдар білуі тиіс. Ғылым – еліміздің өндірістік күшіне айналса деген тілегім бар. Алайда ғылым саласына жасалған жағдайға көңілім толмайды деп айтуға болмайды. Оны Президенттің өзі де айтты. Ғылымға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбегенін ғылым саласында жүрген азаматтар біледі. Сол себепті барлығы салыстырмалы түрде анықталады. Ғылымға бөлінетін қаржы, ғалымдарға көрсетілетін қолдау әлі де дамытуды қажет етеді. Өйткені ғылым дамымай, жаңа технология болмай ертең біздің мемлекетіміз алға дамымайтынын өмір көрсетіп отыр. Ғылымы жоқ, білімі жоқ, жаңа технологиямен айналыспайтын елдер басқаларға тәуелді. Ол үшін біз үнемі ғылымның маңыздылығын, оның қажеттілігін үнемі айтып отырған жөн, - деді профессор.

Сонымен қатар ол Президенттің жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құру – маңызды қадамдардың бірі болды деп отыр.

Ұлттық кеңес дамыған елдердің қайсысын алып қарасаңыз да, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда, Сингапурда бар. Олар өз қызметін лайықты атқаруда. Белгілі сарапшы мамандар өз ойын жеткізіп, оны мемлекеттік деңгейдегі саясатқа айналдыруға болатынын көрдік. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін көтергені, ұлттық кеңес құрғаны – болашақта ғылымға деген жаңа саясаттың қалыптасуына негіз болады, - деді ғалым.

Сондай-ақ Ғылым академиясына жаңа басшы тағайындауға қатысты да өз ойын ортаға салды.

Академия туралы әңгіме соңғы уақытта көп болды. Соған нүкте қойып, шешімін шығаратын уақыттың келгенін ғылым саласында жүрген азаматтар біледі. Мемлекет басшысы өз жауапкершілігіне алып, Ғылым академиясының президентін өзі тағайындау туралы шешім қабылданды. Академияның жаңа басшысына келер болсақ, кімнің үлкен потенциалы, ғылыми көрсеткігі бар, өз ортасында танымал адам болса, неге қолдамасқа?! Ғылымға берілген тұлға өз лайықты орнын тапты. Күнсұлу Закария пандемия кезінде жұмыла еңбек етіп, ұжымымен QazVac вакцинасын ойлап шығарды. Осы уақытқа дейін Ғылым академиясы қоғамдық қана болып келсе, енді мемлекеттік деңгейге ие болды. Сол үшін мемлекеттік деңгейде қолдау табады деп ойлаймын, - деп ағынан жарылды Ғалымқайыр Мұтанов.

Өзгелердің жаңалығы