Губернатор кубогі: Қазақстан екі алтын, екі күміс және үш қола жеңіп алды

25 Сәуір 2021, 06:52
1694
Бөлісу:
Губернатор кубогі: Қазақстан екі алтын, екі күміс және үш қола жеңіп алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Сантк-Петербургте өткен халықаралық турнирде екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Olympic.kz.

Ел қоржынына алғашқы алтынды 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Асланбек Шымбергенов салды. Ол финалда ресейлік Андрей Замковты айқын басымдықпен ұтты.

81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Бекзад Нұрдәулетов жарыста қарсылас шақ келітрмеді. Ол финалда ресейлік Имам Хатаевты нокдаунмен жеңіп, байрақты бәсекеде топ жарды.

Ал 52 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Махмұд Сабырхан финалда өзбекстандық қарсыласына есе жіберді. Шохобиддин Зоировтан ұтылған ол жарыстың күміс жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, финалист атанған Әбілхан Аманқұл денсаулық жағдайына байланысты шешуші жекпе-жекке қатыспады. Нәтижесінде, 75 келіге дейінгі салмақта жеңіс автоматты түрде қарсыласына беріліп, ел қоржынына екінші күмісті салды.

Сонымен қатар, қазақстандық боксшылар үш қола жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, 49 келіде Даниял Сәбит, 60 келіде Бекнұр Ожанов және 91 келі салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай қоланы қанағат тұтты.

Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер құрама командасы Сантк-Петербургте «Губернатор кубогін» екі алтын, екі күміс және үш қола жүлдемен аяқтады.

Өзгелердің жаңалығы