Грузияда жүк терминалының құрылысы басталады

12 Тамыз 2023, 04:34
869
Бөлісу:
Грузияда жүк терминалының құрылысы басталады
Фото: baq.kz

Грузияда қазақстандық бизнестің қатысуымен заманауи порт терминалдың құрылысы басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Нысан Транскаспий халықаралық көлік бағытындағы жүк ағынын арттыруы тиіс. Салтанатты шараға Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев қатысты.

Поти – Грузиядағы ең ірі порттың бірі әрі Қара теңіздегі Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалының соңғы нүктесі. Бұл жерде 8 гектар аумаққа жаңа мультимодальды терминал салынады. Оның құрылысы қыркүйек айында басталады. Жобаны бастауға Қазақстан-Грузин біріккен кәсіпорны құрылды.

Қазақ компаниясы Қазақстаннан тысқары жерлерге шығып, Поти портын дамытуға тікелей қатысады. Бүгінгі тұсаукесер – Қазақстан жүргізіп жатқан саясаттың қисынды жалғасы. Порт келешекте жылына 500 мың контейнерге дейін өңдеуге мүмкіндік беретін болады, - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Қазір Потиде терминал жетіспейді. Сондықтан Грузия тарапы инфрақұрылымды қазақ бизнесінің арқасында жаңалауды көздейді.

Менің ойымша, бұл – Поти қаласындағы алғашқы қазақ бизнесінің қадамы. Біз бұған қуаныштымыз, менің ойымша, дәліздегі айналымды арттыруды көздейтін жол картасының бір бөлігі – осы. Әрине, Грузияда болсын, Қазақстан порттарында болсын, осындай заманауи инфрақұрылымды жаңғырту өте маңызды, - деді Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили.

Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр. Одан әрі ескі құрылысты бұзу ісі жүргізіледі. Ал жаңа терминал 2024 жылдың бірінші тоқсанында ресми ашылады деп жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы