Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуы мерейтойы аясында Грузияның астанысында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай ескерткішінің ресми ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара осы күндері Тбилисиде өтіп жатқан Қазақстан-Грузия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы шеңберінде ұйымдастырылды.
Ескерткіштің ашылуына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Грузияның Экономика және тұрақты даму Вице-министрі Геннадий Арвеладзе, Қазақстан Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов, Тбилиси қаласы мэриясының, сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволарының, БАҚ, бизнес өкілдері мен мәдениет қайраткерлері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Елші Б. Мұхаметжанов 2021 жылы Қазақстанда және халықаралық деңгейде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы атап өтілгенін атап өтті. Сол жылы Тбилиси көшелерінің біріне Абай есімі берілді және де алғаш рет грузин тілінде оның өлеңдер жинағы жарық көрді. «Бүгін біз грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің туған жерінде қазақ халқының ғұлама ұлына ескерткіш ашып отырмыз. Жаңа ескерткіш екі халық достығының символына айналады деп сенемін», - деді қазақстандық дипломат және Тбилиси қаласының әкімдігіне, әкім Каха Каладзенің жеке өзіне осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Министр Қ. Өскенбаев Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы ретінде Тбилисиге жұмыс сапары аясында мәдениет мерекесіне қатысуға мүмкіндік туғанына ризашылығын білдірді.
Біз үшін бұл тату көршілік қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің тағы бір дәлелі. Шынында да, Абай біздің халықтарымызды біріктіретін алтын көпірге айналды. Мен Грузия Үкіметіне елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға белсенді ықпал еткені үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді, - деп атап өтті қазақстандық министр.
Өз кезегінде Вице-министр Г. Арвеладзе салтанатқа қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтаы, оның қазақ халқына көрсетіліп отырған үлкен құрмет екенін ал ескерткіш Қазақстан мен Грузия арасындағы тығыз мәдени қарым-қатынастардың тағы да бір маңызды кірпішіне айналатынын айтты.
Салтанатты іс-шара барысында Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы Георгий Джахуташвилиге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі және ескерткіштің авторы, белгілі грузин мүсіншісі Джумбер Джикияға ҚР Елшілігінің алғыс хаты тапсырылды.
Ескерткіш Қазақстан-Грузия экономикалық бірлестігінің, Батуми мұнай терминалы, «Rompetrol Georgia», «Halyk Bank Georgia», «Capital Group» компаниялары мен Атлас қонақ үйінің қаржылық қолдауларымен орнатылды.