Грузия университетінде қазақ мәдени орталығы ашылады

15 Наурыз 2019, 09:28
2325
Бөлісу:
Грузия университетінде қазақ мәдени орталығы ашылады

Алматы, BAQ.KZ.  Грузияның Сухуми мемлекеттік университетінде қазақ мәдени орталығы ашылады. Бұл туралы «Хабар 24» хабарлады. 

Ректорат университет қабырғасынан орталыққа арнап арнайы бөлме бөлген, енді ол Қазақстан елшілігінің қолдауымен жабдықталады.

Аталған орталық қазақстандық суретшілердің туындыларымен безендіріліп, еліміздің тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері жөніндегі кітаптар қойылмақ. Сондай-ақ оқытушылар мен студенттер орталықта еліміздің өнерімен жақын танысуға мүмкіндік алады. 

Грузиядағы Қазақстан елшісі Бауыржан Мұхамеджанов аталған оқу орынның оқытушылары мен студенттері алдында дәріс өткізіп, Қазақстан мен Грузия арасындағы қатынастардың тарихы, қазіргі жағдайы мен болашағы туралы айтып берді. 

«Дәрісімнің тақырыбы Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуы жөнінде болды. Бүгінде Қазақстанның экономика мен саясатта, бүкіл салада жеткен жетістіктері, халықаралық беделі, мемлекет ретінде дамуында Президенттің атқарған еңбегі зор, сол жайлы айттым. Әңгімеміз өте қызық өтті»,-дейді елші.

Осы университетте білім алып жатқан Зураб Горгодзе Қазақстан елшісінің университетке келуінің маңыздылығын атап өтті.

«Ол бізге кітаптар сыйлады. Қазақстанда достарым көп болғандықтан, біразын оқығанмын. Олар өзге студенттерге қызық болады деп ойлаймын, бәріне осы еңбектермен танысуға кеңес беріп жүрмін»,-дейді студент.

Өзгелердің жаңалығы