Грузия премьер-министрі: Туризм саласында Қазақстанмен әріптестік орнатамыз

16 Мамыр 2019, 15:27
1918
Бөлісу:
Грузия премьер-министрі: Туризм саласында Қазақстанмен әріптестік орнатамыз
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Грузия премьер-министрі Мамука Бахтадзе ХІІ Астана экономикалық форумында осылай деді.

Мамука Бахтадзе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан мен Грузия қарым-қатынасын нығайтуға қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.

«Қазақстан мен Грузияны тамыры терең тарихымыз байланыстырып отыр. Осы бауырластық қарым-қатынасымыз сақталып қана қоймай, күннен күнге нығайып келе жатыр. Сізге сол үшін рахмет. Қазақстан Грузияның аса маңызды серіктестерінің бірі. Біздің өзара байланысымыз өте жоғары деңгейде, экономика саласында да мүмкіндіктеріміз мол. Кеше біз бірнеше маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл екіжақты қатынасымызды дамыту үшін қажет. Сондай-ақ алдағы жылдары сауда айналымының көлемін арттыру бойынша жол картасын құру туралы келісімді ерекше атап өткім келеді. Біз оған қол қойдық. Бізде энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм мен басқа да бағыттар бойынша өзара байланысты қамтамасыз етудің мүмкіндіктері өте көп. Сондықтан біз осы салаларда әріптестік орнатып жатырмыз», - деді Мамука Бахтадзе ХІІ Астана экономикалық форумында.

Астана экономикалық форумы (АЭФ) - Еуразиядағы жыл сайынғы іскерлік шара. АЭФ алғаш рет 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтті. 11 жыл ішінде форум әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды. Жалпы, Астана экономикалық форумына әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты мен 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер қатысты. 

Ал биылғы форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда. Тіркелген делегаттардың жалпы саны 5 492. Шетелдік және қазақстандық БАҚ тарапынан аккредиттелгендер саны әлемнің 30 елінен 710-нан астам адамды құрайды. 2019 жылғы форум тақырыбы: «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». АЭФ аясында екі күн ішінде 50-ден астам сессия мен іс-шара өтеді.

Өзгелердің жаңалығы