Грекияның Әділет министрі адам құқықтары саласындағы Қазақстандағы жағдаймен таныстырылды

3 Қараша 2023, 22:09
646
Бөлісу:
Грекияның Әділет министрі адам құқықтары саласындағы Қазақстандағы жағдаймен таныстырылды
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Грекия Республикасының Әділет министрі Георгиос Флоридиспен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның барысында қылмысқа қарсы іс-қимыл, заңдылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқылады.

Елші Е. Баударбек-Қожатаев грек министрін адам құқықтарын қорғауды, сот жүйесін жаңғыртуды және әділ сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда іске асырылып жатқан кешенді саяси реформалармен таныстырды.

Министр Г. Флоридис Қазақстанның қылмыстық сот төрелігі жүйесін жаңғырту саласындағы жетістіктерін атап өтіп, Грекия Астанамен құқықтық саладағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтергісі келетінін мәлімдеді. Осы тұрғыда ол екіжақты шарттық-құқықтық базаны жетілдіру үшін, оның ішінде «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы» шарт және «Адамдарды ұстап беру туралы» шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді одан әрі ілгерілету үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жариялады.

Е. Баударбек-Қожатаев Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы делегациясының терроризмге және киберқылмысқа қарсы күрес саласындағы жұмыс тәжірибесін зерделеу үшін Грекияға сапарын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы