Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күні кеше ГРЕКО-ның атқарушы хатшысы Джанлука Эспозито Қазақстанға ресми сапармен келген еді.
Эспозито Нұр-Сұлтан қаласына келісімен коррупцияға қарсы қызметтің бірқатар нысандарын аралады. Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны жеке Ақордада қабылдады. GRECO хатшысы президентпен не жөнінде сөйлескенін бүгінгі баспасөз брифингінде айтты.
Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі GRECO халықаралық ұйымы 2021 жылы Қазақстанда бағалау раундын өткізеді. Онда елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмысқа мониторинг жүргізіліп, арнайы баға берілетін болады.
Өте жақсы кездесу өтті. GRECO ұйымына жаңадан мүшелікке кірген Қазақстан үшін аса маңызды рөлі мен елдегі артықшылықтарды талқыладық. Екі ел арасындағы бірыңғай құққықтық алаңның жемқорлықпен күресуде берері мол екенін айттық. Біз түсінеміз, арнайы бағалау раундының нәтижесінде GRECO бұл жүйенінің айтарлықтай жақсаруына мүдделі бола түседі. Әрине, мен президентті GRECO ұйымына ресми түрде мүшелікке кіруімен құттықтадым. Кеше президенттік жастар кадр резервінің қорытынды шарасына куә болдым. Бұл – елдің әрі қарай өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды бастама. Өте ашық әрі сындарлы кездесу өтті деп айта аламын, - дейді Қазақстанға арнайы іс-сапармен келген Джанлука Эспозито.
Өздеріңізге белгілі, 2019 жылдың 30 желтоқсанда тиісті заң жобасын ратификациялап, Қазақстан ресми түрде Еуропа кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттер тобының 50-мүшесі болып кірді.
GRECO хатшысы еліміздің технологиялық дамуына жоғары баға беріп отыр. Ол коррупцияға қарсы күресте цифровизацияның алатын орнын айрықша атап өтті.
Біз бірінші және екінші раундты бірге өткіземіз. Қарастырылатын алғашқы мәселе, яғни тақырып – коррупциямен күрестегі базалық негіздер. Заңнамалар мен ведомстволар, институттар мен мелекеттік органдар және мекемелер. Мәлімет берушілерді қорғау. Мемлекеттік басқарудың проблемалары. Бірінші раундта осындай негізгі сұрақтарға баға беретін боламыз. Қазақстанда өтетін бағалау раундының нақты қашан өтетін датасын дәл қазір айта алмаймын, - деп мәлімдеді Эспозито мырза.