ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 13-20 шілде аралығында грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Талапкерлер өтініштерін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Сондай-ақ ЖОО-ларда виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейтін болады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО арқылы жүзеге асады.
Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды, - деді вице-министр.
Сондай-ақ Ерғалиев «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант бөлінгенін айтты. Ал «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант тиесілі.
Айта кетейік, отандық ЖОО-ларға оқуға түсу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификатын; 3х4 көлеміндегі фото, орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом), № 075/у нысанындағы медициналық анықтама, ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігін тапсыру керек және жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар ұсынылады.