Граффити-жазулардан келетін қауіп көп – полиция полковнигі

1 Наурыз 2021, 09:42
3628
Бөлісу:
Граффити-жазулардан келетін қауіп көп – полиция полковнигі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында жыл басынан бері есірткі құқық бұзушылығының 154 дерегі тіркелген. Оның ішінде 34-і есірткіні сату қылмысы болса, 15-і есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтаған. 2 топ есірткі құралдарының контрабандасымен айналысса, 103-і қылмыстық теріс қылықтар болып саналады.

Бұл туралы Жамбыл облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Жұмабеков баяндап берді. Оның сөзінше, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында заңсыз айналымнан 95 келіден аса әртүрлі есірткі заттары тәркіленіпті. Мұның 570 грамы героин болса, 60 келіден астамы гашиш, 29 келіден көбі марихуана екен. 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жұмыстарының басты мақсаты – өңір тұрғындары мен жастардың арасында нашақорлықтың алдын алуға баса назар аудару. Біз биылдыққа жергілікті Білім, Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесіп, орта және жоғары оқу орындарының білімгерлері арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 18 түрлі іс-шара өткіздік. Сонымен қатар облыстың 85 орта мектебін онлайн режимде қамти отырып, есірткінің зияны мен оларды қолданудың салдары туралы және синтетикалық есірткінің жаңа түрлері жөнінде интерактивті сабақтар ұйымдастырдық. Бұл шаруалардың барысында нашақорлыққа қарсы операцияларынан түсірілген бейнероликтер көрсетілді, - деді Асқар Жұмабеков. 

Полиция полковнигі басқарма қызметкерлерінің күнделікті ғаламтор желісіндегі сайттар, блогтар және әлеуметтік желілер арқылы есірткі, психотроптық заттар мен олардың аналогтарының таралу деректерін анықтау және жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізіп жатқанын да мәлімдеді. Бүгінде күнделікті осындай мониторинг нәтижесінде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысатын 6 сайт анықталып, бұғатталыпты. Тараз қаласының үйлері мен ғимараттарының қабырғаларына жазылған 260-тан астам граффити-жазу да жойылған. 

Жамбыл облысы орталығындағы ойын-сауық орындарында 19 рейдтік іс-шара өткіздік. Жұмыс барысында еліміздің Әкімшілік құқық бұзушулық туралы кодексінің 441-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда темекі өнімдерін, яғни қорқор тұтынғаны үшін 27 хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұл салынды, - деген басқарма басшысы өткен жылдың қорытындыларына да тоқталды. 

Оның сөзіне қарағанда, былтыр Жамбыл облысы аумағында басқарманың сақшылары 815 іс қозғапты. Мұның 220-сы есірткі қылмысына тиесілі болса, 595-і осы бағыттағы түрлі құқық бұзушылықтар қатарына жатады. Нашақорлық деректерінің 120-сы есірткі заттарын сату бойынша тіркелген. Ал есірткі затын аса ірі мөлшерде сақтау қылмыстардың жалпы саны – 68, есірткі контрабандасымен айналысқан 6 топ құрықталса, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсіру дерегі 26-ны құрайды. Жұмыс барысында нашаға жататын өсімдіктердің 733 түбі жойылса, үй қабырғаларындағы граффити-жазулар арқылы есірткі затын насихаттау, сондай-ақ жарнамалаудың 3 дерегі анықталған. 

Өткен жылы заңсыз айналымнан 3 тонна 277 килограмм әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 284 келіге көбірек. Мұның ішінде 3 тонна 199 келісі марихуана, 1 келіден астамы героин, 75 келіден көбі гашиш, ал 2 келісі синтетикалық есірткі заттар қатарына жатады. Сондай-ақ аймақта шамамен 251 гектар жерді жырту, шабу, өртеу және гербицидтерді қолдану арқылы 50 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды, - деді Асқар Жұмабеков. 

Ол есірткі қылмысына қарсы күресте профилактикалық жұмыстардың маңызды рөл атқаратындығын айтты. Бұл орайда білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт басқармаларымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, орта білім беру орындарының оқушылары арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 481 түрлі іс-шара өткен. мұның 243-і дәріс бағытында ұйымдастырылса, 56-сы кездесу түрінде, 30-ы дөңгелек үстел, 17-сі семинар, 20-сы конкурс үлгісінде өтіпті. Сондай-ақ 14 флешмобтар пен 53 басқа да іс-шаралар қамтылған. Бұл жұмыстар кезінде бейнефильмдер мен есірткіге қарсы күрес сипатындағы слайдтар көрсетілген. Психоактивті заттарға тәуелділіктің алдын алу және емдеу бойынша қосымша материалдар да таныстырылды.

Психобелсенді заттардың таралуы мен пайдаланылуының байланыссыз тәсіліне жататын, халықтың көп бөлігін тартуды көздейтін граффити-жазулардан келетін қауіп жоғары. Осындай кескіндерді жою мақсатында «Жасыл ел Тараз» ұйымымен, Жамбыл облысының жастар қозғалысы және үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесіп нақты шараларды тұрақты түрде қолға алып келеміз. Нәтижесі де көңіл көншітеді. Нақтылай айтсам, былтыр Тараз қаласы аумағында 1000-нан астам жазбаны өшірдік, 59 сайт бұғатталды, - деп атап өтті полиция полковнигі.

Өзгелердің жаңалығы