Госпитальді ешкім жабайын деп жатқан жоқ - әкім

4 Қараша 2020, 22:35
1385
Бөлісу:
Госпитальді ешкім жабайын деп жатқан жоқ - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО әкімі Даниал Ахметов азаматтарды жеке мәселелері бойынша ZOOM платформасында қабылдады.

Кездесу барысында Аягөз қаласы, Ақши ауданынан хабарласқан көпбалалы ана Арайлым Түсіпжанова көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үй құжаттарының заңдастырылғаны үшін алғыс білдірді.

Ал, Зайсан қаласының ардагер майоры Манат Далабаев ағымдағы жылдың ақпан айында газ мәселесінің шешімін тапқаны үшін облыс басшысына алғыс білдіріп, Новаторов көшесіндегі Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер Департаментінің госпиталі жабылады деген сыбыс қаншалықты шындыққа жанасатынын сұрады.

Аталған сұраққа ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев жауап берді:

Госпитальді ешкім жабайын деп жатқан жоқ. Керісінше, ғимаратты жөндеп, керекті жабдықтармен қамтамасыз етіп жатырмыз, - деді.

Кездесуге келгендер арасында облыстағы қысқы ірі демалыс базаларының бірінде жазатайым қайтыс болған қыздың анасы Арайлым Болтаева да болды. Естеріңізге сала кетейік, сыныптастарымен бірге демалысқа барған 11 сынып оқушысы тыйым салынған жерден стюбпен сырғанап, өмірге сәйкес келмейтін жарақат алып, салдарынан көз жұмған еді.

Менің жалғыз қызым осы демалыс орнында қайтыс болды. Демалыс орнына жолдамаеы мектеп мұғалімдері сатып алған. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының айтуынша, жолдама туристік емес, бірақ оларға лицензия беріліпті. Лицензия курорттың қандай нақты қызметтеріне берілген? – деп сұрақ қойды Арайлым Болтабаева.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің айтуынша, бұл мәселеде олқылықтар бар.

Өкінішке орай, бүгінгі таңда "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" ҚР Заңына сәйкес тау шаңғысы трассаларын орнату және пайдалану лицензияланатын қызмет түрі болып табылмайды. Туристік сектордың бұл түріне бақылау жоқ. Жергілікті атқарушы органдар туралы Заңға сәйкес, біз осы кәсіптік нысандарының өрт қауіпсіздігі мен санитарлық жағдайын ғана тексере аламыз. Сондықтан біз қазір туристік қызметтің бұл түрі лицензияланатын болуы үшін ҚР Үкіметіне, тиісті министрлікке құжат дайындаймыз. Тау шаңғысы базалары стандарттарға сай және ең алдымен қауіпсіз болуы керек, -деп қорытындылады ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Ал дайындалар құжатты екі жақ тағы бір мәрте кездесіп, нақты ұсыныстар ретін талқылай пысықтайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы