Госдума депутаты қызылордалық полицейді қонаққа шақырды

26 Қаңтар 2019, 12:16
4994
Бөлісу:
Госдума депутаты қызылордалық полицейді қонаққа шақырды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Ресей мемлекеттік думасының депутатын тәнті еткен қызылордалық полицей кім? Ол – облыс орталығында қызмет ететін Өксікбаев Жасұлан Шамшадинұлы. BAQ.KZ тілшісі ішкі істер саласының қызметкерімен тілдесіп, шетелдік азаматқа ерекше әсер қалдырған мән-жайды өзінен сұрады.

Сыр өңіріне жасаған сапары кезінде өзіне жәрдем берген полицейдің адал қызметіне риза болып, үйіне қонаққа шақырған ресейлік депутат туралы күні кеше еліміздегі ақпарат құралдары жарыса жазды. Ал көрші елдің халық қалаулысының ықыласына бөленген сақшы Қызылорда шаһарында тұрады. Ол – қалалық Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары.

«Бұл 2017 жылы мамыр айында болған оқиға. Ол уақытта мен қалаға қарасты Тасбөгет кенті Жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары болып қызмет атқаратынмын. Кешкі мезгіл. Жұмыстан үйге қайтып бара жатыр едім, Жібек жолы көшесі бойында мотоцикл мінген адам «аварийкасын» жағып, аялдап тұр екен. Қасына барып тоқтап, «Қандай көмек керек?» деп сұрадым. Ол Сырдария жағалауындағы қонақүйді іздегенін айтты. Адасып қалса керек. Қонақты қонақүйге жеткізіп салдым. Бар болғаны осы. Мен өз қызметімді жасадым. Ол рақмет айтып, визиткасын берді. Оған қараған да жоқпын, бірден қалтама салып алдым. Сөйтсем, Ресей азаматы, депутаты екен. Кейін визиткасын көріп, білдім. Менде оған көмектесуден басқа ой болған жоқ», – дейді Жасұлан Шамшадинұлы.

Сырбойылық сақшы жылы жүздесуден кейін ресейлік депутатқа бір рет қоңырау шалып, хәлін сұраған. Алексей Журавлев болса: «Сені іздедім, бірақ аты-жөніңді білмегесін нәтиже болмады. Өзің хабарласқаның қандай жақсы болды» деп, ілтипат білдіріпті.

«Кеше ол мені қонаққа шақырыпты. Әріптестерімнен естідім. Сайттарды ашып оқыдым. Қызмет бабында болғасын сырт елге қонаққа бару қиындау. Уақыт та жо, бірақ оның ықыласына риза болдым», - дейді ол.

Госдума депутаты қызылордалық полицейді қонаққа шақырды

Былтыр Жасұлан үшемнің әкесі атанды. Зайыбы Назерке екеуі оларға Айлина, Жасмина, Мәдина деген есім берді. Отбасының бұған дейін бір ұл мен бір қыз болған.

«Бес балам бар. Шүкір. Өткен жылы отбасымызда үшем дүниеге келіп, қуанышқа кенелдік», – дейді Жасұлан.

Әлеуметтік желідегілер қызылордалық полицейдің әрекетін қызу талқылады. Кейбіреулері «Түймедейді түйедей қылудың не қажеті бар?» десе, енді біреулері «Қызметін адал атқарған полицейден өзгелер үлгі алса» деген ниеттерін жазуда.

«Біз қоғамда болған оқыс оқиғалар мен жүгенсіздіктердің алдын алмады, әділдікке жүгінбеді деп полицейлерді айыптап жатамыз. Не болмаса жол бойындағы кейбір қылықтарын ашына айтып, келеке қыламыз. Бес саусақ бірдей еместігі сияқты ішкі істер саласындағы қызметкерлердің бәрі бірдей емес. Ішінде адалдары бар. Жақсы әрекетін оң бағалап, көтермелеп, сыйақы да беру керек. Сол кезде басқалар да үлгі алады», - дейді Сырым Әбіш.

Айта кетейік, бұған дейін БАҚ бетінде РФ Мемдумасының депутаты Алексей Журавлев сырбойылық полицейге алғысын айтып, Мәскеуге қонаққа шақырғаны туралы ақпараттар жарияланған болатын.

Сондай-ақ, ресейлік депутат ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа хат жазып, қол астындағы сақшының адал қызметін ескерусіз қалдырмауды сұраған.

Бұдан бөлек, бұрынырақта Журавлев ресейлік телебағдарламалардың бірінде Қызылордадағы жағдайдан мысал келтіріп, қазақстандық құқық қорғау саласы өкілінің кәсіби жауапкершілігін жоғары бағалаған еді.

Ибраш Әли

Өзгелердің жаңалығы