Қазақстанның ҚХР Гонконг және Макао АӘА-дағы Бас консулдығы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» жолдауын түсіндіру бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараға Гонконг сарапшылары, мемлекеттік құрылымдардың, іскерлік және бизнес-топтардың, сондай-ақ Гонконгтың сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері және т.б. қатысты.
Өз кіріспе сөзінде Қазақстанның ҚХР Гонконг және Макао АӘА-дағы Бас консулы Алмас Сейтақынов ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық даму және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, саяси және қоғамдық жаңғырту салаларындағы жолдауының негізгі міндеттерін егжей-тегжейін түсіндірді. Қазақстан экономикасын индустрияландыру және әртараптандыру, шағын және орта бизнесті, АӨК, өндірістік, көлік инфрақұрылымы мен туризмді дамыту жөніндегі мәлімделген жоспарлар аясында Гонконгпен өзара тиімді ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерін аталып өтті.
Жалпы, Мемлекет басшысының жолдауында айтылған Қазақстандағы жаңа экономикалық бағыт пен саяси өзгерістер Гонконгтың сараптамалық қоғамдастығы мен бизнес-топтарының үлкен қызығушылығын тудырды.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның Жаңа экономикалық моделінің басымдықтарын жоғары бағалап, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар бағытына қолдау білдірді, сондай-ақ болашақ жемісті ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.