Гонконг ғалымдары қатерлі ісікті ерте анықтайтын тест әзірледі

5 Қазан 2026, 09:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов 5 Қазан 2026, 09:51
5 Қазан 2026, 09:51
212
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін жаңа технология әзірленді. Бұл туралы Қытай Гонконг университетінің вице-канцлері әрі президенті, профессор Ло Юк-мин Астанада өткен медицина саласындағы халықаралық семинарда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ғалымның айтуынша, зерттеудің алғашқы кезеңінде адам геномының ерекшеліктерін пайдалана отырып, инвазивті емес пренаталдық тестілеу (NIPT) әзірленген. Қазір бұл әдіс әлем бойынша акушерия саласында кеңінен қолданылады. Мәселен, Даун синдромын анықтауда тесттің дәлдігі 99%-дан асады.

Кейін зерттеушілер осы технологияны қатерлі ісікті ерте анықтауға қолдану мүмкіндігін қарастырған. Алғашқы зерттеу үлгісі ретінде Қытайдың оңтүстігінде, әсіресе Гуандун провинциясында кең таралған мұрын-жұтқыншақ обыры (NPC) алынған.

Бізге қатерлі ісікті анықтайтын маркер қажет болды. NPC жағдайында мұндай маркер бар, өйткені бұл ауру вирус инфекциясымен байланысты. Ісік жасушаларынан Эпштейн-Барр вирусының (EBV) ДНҚ-сын анықтауға болады, – деді профессор.

Ғалымдар Гонконгта 20 мыңнан астам адамды қамтыған зерттеу жүргізген. Қатерлі ісік қаупі жоғары топқа, яғни 40-60 жас аралығындағы ер адамдарға басымдық берілген.

Зерттеу нәтижесі скринингтің тиімділігін көрсеткен. Скринингтен өтпеген адамдардың шамамен 80%-ында қатерлі ісік үшінші және төртінші сатыларда анықталса, тест қолданылған топта науқастардың шамамен 70%-ында ауру бірінші және екінші сатыларда анықталған.

Сонымен қатар ерте анықтаудың арқасында скринингтен өткен топтағы өлім-жітім деңгейі шамамен 3%-ды құраған. Профессордың айтуынша, бұл қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупін шамамен он есеге төмендеткен.

Бұл зерттеу нәтижелері New England Journal of Medicine журналында жарияланып, сол жылдың ең маңызды он ғылыми мақаласының қатарына енген.

Профессор Ло Юк-миннің айтуынша, зерттеушілер кейін технологияны қатерлі ісіктің басқа түрлерін анықтауға бейімдеген. Бұл бағытта олар эпигенетикаға, яғни ДНҚ тізбегінің өзінен бөлек, оның жасушада қалай «реттелетініне» назар аударған.

Бір тест арқылы қатерлі ісіктің бірнеше түрін анықтауға болады. Сонымен қатар адам ағзасының әртүрлі мүшелеріндегі эпигенетикалық ерекшеліктер әртүрлі болғандықтан, сол тест арқылы ісіктің қай ағзада орналасқанын да анықтауға мүмкіндік бар, – деді ғалым.

Жаңа технология кейін коммерцияландырылып, оның негізінде Grail компаниясы құрылған. Тест 2022 жылы Time журналының ең үздік өнертабыстарының бірі ретінде аталған.

Қазір технологияны жасанды интеллект көмегімен одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғалымдар генетикалық деректерден эпигенетикалық өзгерістерді анықтау үшін нейрондық желі мен трансформерге негізделген AI моделін әзірлеген. Профессордың айтуынша, модельдің екінші буынында дәлдік деңгейі 99%-ға жеткен.

Дегенмен ғалым бұл технологияны клиникалық практикаға толық енгізуге әлі уақыт қажет екенін атап өтті. Атап айтқанда, ерте кезеңдегі қатерлі ісікті анықтау тестінің тиімділігін одан әрі зерттеу және ұзақ мерзімді өмір сүру көрсеткіштері бойынша деректер жинау қажет.

Бұл технология клиникалық практикаға енгізілсе, болашақта қатерлі ісіктен болатын өлімді азайтуға мүмкіндік береді, – деді профессор.

Наверх