Қазақстандық саперлер мамыр айынан бері БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарында 15-тен астам операция өткізіп, екі мыңнан астам қауіпті затты жойды.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Голан жоталарындағы БҰҰ-ның бөліну аймағын бақылау жөніндегі миссиясы құрамындағы үшінші ұлттық контингентінің инженерлік-саперлік тобы жарылғыш заттарды анықтау, залалсыздандыру және жою жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бітімгерлік миссияны атқару кезеңінде биылғы мамыр айынан бастап 15-тен астам іс-шара өткізіліп, әскери қызметшілер 350-ден астам жарылғыш затты жойды. Сонымен қатар 1800-ден астам оқ-дәрі де залалсыздандырылды, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Инженерлік-саперлік топтың кәсіби шеберлігі, іс-қимылдарының үйлесімділігі және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы саперлерге қойылған міндеттерді орындап, жауапкершілік аймағындағы тұрақты жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.