ГМО өнімдерінің зияны ғылымда дәлелденбеген – биотехнолог

7 Қазан 2022, 17:42
7113
Бөлісу:
ГМО өнімдерінің зияны ғылымда дәлелденбеген – биотехнолог

Кейінгі кездері ГМО, яғни генетикалық модификацияланған өнімдер деген сөзді жиі естиміз. Жалпы ГМО дегеніміз не? Оны азық-түлікке пайдалану денсаулыққа қауіпті ме? Алайда бұған қатысты ғылымда нақты дәлелденген тұжырым жоқтың қасы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы және өзге де мәселелер туралы толығырақ білу үшін елордадағы Биотехнология орталығы Өсімдіктердің генетикалық инженериясы зертханасының меңгерушісі, биотехнолог Шұға Манабаевамен сұхбаттасқан болатынбыз. 

- Шұға Асқарқызы, жалпы ГМО дегеніміз не? Ең алдымен соған тоқталсақ... 

- Қарапайым тілмен түсіндірсек, генетикалық модификацияланған өнімдер дегеніміз – бір организмнің гендік кодын екінші генді қосу арқылы өзгерту. «ГМО – зиян» деген сөздерді күнделікті өмірде жиі естиміз. Мұның бәрі жалған сенім немесе ескішілдік деп атар едім. Себебі халықтың бұл тұрғыда ақпараты аз. Мектеп қабырғасында да ГМО туралы биолог, ботаник мамандарымыз өте аз айтады. Зиянды деген бір ауыз сөзбен бұл ұғымды жылы жауып қояды. Оның зияны неде? «Генетикалық модификацияланған» деген бір сөздің өзі адамдардың бойында үрей тудырады. Ал шын мәнінде модификациялау процесі деп өсімдікті классикалық тәсілдер арқылы өзгертуді атаймыз. Мәселен, селекцияның классикалық тәсілі. Қарапайым сұрып пен тағы бір сұрыпты араластырып, жаңа бір түріне қол жеткізу. Генетикалық тұрғыда үлкен өзгеріс орын алады. Гибридтеу әдісімен алынған жаңа сұрыпты жылдар бойы іріктеп, зерттейді. Былайша айтқанда, селекцияның өзіне 10-15 жыл уақыт кетеді. Міне, модификация процесі дегеніміз осы. Ал генетикалық модификация – мақсатты түрде бір ғана генді, бір ғана белгіні өзгерту. Мысалы, қандай да бір факторға, құрғақшылыққа төзімділікті арттыру немесе дәмін жақсарту. Бұл оңай шаруа емес. Өйткені өсімдіктің өзінің ішкі күрделі механизмі бар. Кез келген жасуша мен организм оған «көне бермейді». Оны қадағалайтын органдар, эксперименттер, талдау жүргізілген соң рұқсат беретін мекемелер бар. Егістікте өсіруге рұқсат берудің өзіне қанша жыл уақыт керек.

ГМО өнімдерінің зияны ғылымда дәлелденбеген – биотехнолог
Шұға Асқарқызы Пәкістанда өткен халықаралық ғылыми конференцияда Пәкістан президентімен.

- Алайда ГМО арқылы өндірілген өнімдер «денсаулыққа зиян» деген сөз бәрібір айтылады... 

- Жаңа айтып өткенімдей, медицинадағы да, ғылымдағы да барлық эксперименттер зертханада тәжірибе жасалып, сынақтан өткізіледі. Оған қаншама жыл уақыт кетеді. Ұзақ сынақтан кейін ғана ол өсімдіктерді егістікте өсіруге рұқсат беріледі. Мен жақында ғана Пәкістан елінде өткен ғылыми конференцияға қатысып келдім. Пәкістанда генетикалық модификацияланған өсімдіктерді өсіруге рұқсат етілген. Әріптестерімнен: «Елдеріңізде сондай қанша өсімдік өседі?» деп сұрадым. Патогенге төзімді мақта көптеп өсіріледі екен. ГМО өсімдіктердің арқасында егінді көптеп алып жатқандарын жеткізді. Мысалы, құрғақшылыққа, сортаң жерлерге төзімді өсіретін елдер көп. Елінің аумағы кішкентай, бірақ халқы тығыз орналасқан мемлекеттер бұл тәжірибені кеңінен қолданады. Меніңше, жоғары өнім беретін ГМО өсімдіктерді өсірудің еш сөкеттігі жоқ. Гербицидтерге не пестицидтерге төзімді өсімдіктерді өсіру барысында керісінше, химия аз қолданылады. Топыраққа, жерге түсетін жүктеме азаяды, эрозиядан қорғалады. Мұндай өсімдіктер сұранысқа ие. Ғылыми тұрғыда ГМО-ның зияны дәлелденгені туралы мақала жоқ. Еуропада ГМО-ға қарсы біраз елдер бар. Ал АҚШ-та, Қытайда ГМО кеңінен өсіріледі.

ГМО өнімдерінің зияны ғылымда дәлелденбеген – биотехнолог

- Ғылыми тұрғыда адам организміне зиян емес дейсіз бе?

 - Дәл солай! Ол ғылыми тұрғыда еш дәлелденбеген! Одан қорқудың қажеті жоқ. Ғылымда жаңа технология бойынша «геномды редакциялау» деген үрдіс қалыптасып келеді. Пәкістандағы ғылыми жиында ел Президентінің өзі конференцияға арнайы келіп қатысқаны мені қатты таңқалдырды. Ғалым ретінде республика басшысының биотехнология мен жаңа технология туралы айтқандарына таңдай қақтым. ГМО-ны қолдану арқылы экономиканы дамытуға болады. 

- Әлеуметтік желілерден тағамдарды қолдан өсіретін видеоларды көп кездестіреміз...

- Маған да кейде таныстарым ондай бейнежазбаларды көп жібереді. Шын мәнінде дәл солай қазанға салып, үстіне су құйып, тамақ өсіре салу оңай емес! Оған бірнеше жылдар кетеді. 

ГМО өнімдерінің зияны ғылымда дәлелденбеген – биотехнолог

- Өнімдердің сыртында «құрамында ГМО жоқ» деген таңбаны жиі байқаймыз. Бұл жай ғана жарнама ма?

- Иә, мұның бәрі жарнама. Ауыз судың өзіне «халал» деген белгі қояды. Халықты кейде әдейі сондай жарнамалармен арбап, назар аударту сияқты көрінеді. 

- Қыс мезгіліне қарай елімізге көрші елдерден, әсіресе Қытайдан жеміс-жидектер көптеп келе бастайды. Оларды кім тексереді?

- Әрине, елге кіретін барлық өнім тексеріледі. Кеден бекеттерінде арнайы үлгілерді алып, тексеретін референсті зертханалар жұмыс істейді. Егер өнімде бір нәрсе дұрыс болмаса, оған рұқсат берілмейді. Генетикалық модификацияланған өнім болған күннің өзінде оның рұқсат етілген белгілі бір шегі ғана бар. Одан асып кетсе, оны қолданыстан алып тастайды. Елімізге мемлекеттік тіркеуден өткен ГМО-сы бар азық-түліктер ғана кіргізілетінін айтқым келеді. Мен өзім АҚШ-та бірнеше жыл тұрдым. Ештеңеден өзімді шектемей, барлық тамақты жедім. Құдайға шүкір, алдыңызда аман-есен отырмын. 

- Әңгімеңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы