GGG, алға! Қарағандылық жас спортшылар Головкинді қолдап флешмоб өткізді

5 Қазан 2019, 12:51
2327
Бөлісу:
GGG, алға! Қарағандылық жас спортшылар Головкинді қолдап флешмоб өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 6 қазанда Нью-Йорктің белгілі аренасында әлемге әйгілі қарағандылық Геннадий Головкин украиндық Сергей Деревянченкомен жекпе-жек өткізеді. Былғары қолғап шеберлерінің шайқасында бәйгіге IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы тігілді.

Осы маңызды жекпе-жек қарсаңында Г. Головкин атындағы қарағандылық спорт кешенінде премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев болып қайтты. Онда жас спортшылар GGG қолдау мақсатында флешмоб өткізді.

Вице-премьер спорт кешенінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсетіп, жерлесіміз Қазақстанның даңқын тағы бір мәрте асқақтатып, жеңіске жетуін тіледі. Ал жас спортшылардың ата-аналарына балалардың дене шынықтырудағы жетістіктері мен рухани-адамгершілік тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуін тіледі.

- Біз оған бар күшімізді саламыз, сәттілік пен жеңіс тілейміз. Геннадий тағы да әлемнің үздік боксшыларының бірі екенін дәлелдеуі тиіс. Сізддердің балаларыңыз спортпен айналысатыны қуантады. Егер олар спортқа, өнерге тартылса, әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қатысса, онда дені сау, тәрбиелі, білімді болады, ең бастысы – құқық бұзушылық әрекеттерге бармайды. Бізде көптеген спорттық және мәдени нысандар бар. Оларды барынша пайдалану керек, жастарды салауатты өмір салтына жаппай жұмылдыру керек. Ал ата-аналар бұған ықпал етуі тиіс, - деді Сапарбаев жас қарағандылықтардың ата-аналарымен кездесу барысында.

Вице-премьер ауыр атлетика, күрес, баскетбол залдарын және жүзу бассейнін аралап көрді. Мұнда 1500 бала, соның ішінде көп балалы отбасы мен балалар үйінің тәрбиеленушілері өз шеберліктерін шыңдайды. Барлық жаттығулар тегін. Нысан бюджет қаражаты есебінен жұмыс істейді.

Қарағанды боксының келешегі туралы 2004 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Серік Елеуов баяндады. Бұл спорт түрінде бүгінде облыста 30-дан астам секция жұмыс істейді, онда 3000-ға жуық адам айналысады.

Ауыр атлетлетші Артем Антропов екі дүркін әлем чемпионы, жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды. Қазір ол Пхеньянда өтетін Азия чемпионатына дайындалуда.

Жас боксшылармен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев қарағандылықтарға спорттық салада табыс тіледі.

- Қазақстанның даңқын асқақтатыңыздар. Сіздердің құрметтеріңізге әрдайым туымыз биікке көтеріліп, әнұранымыз шырқалсын, - деп түйіндеді ол. 

 

 

 


Өзгелердің жаңалығы