Германиядан сағынышты сәлем

2 Наурыз 2021, 01:34
2935
Бөлісу:
Германиядан сағынышты сәлем

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы Шет ауданынан көшкен неміс ұлтының өкілдері Германиядан сағынышты сәлем жолдады. Қиын-қыстау кезеңде өздеріне пана болған қазақ халқына ыстық ықыласпен ақ тілегін жеткізген.

«Қазақстанды ойласам жүрегім жыр толғайды»

Миних Нина әжей Қазақстанда 56 жыл тұрған. «Қазағым, өзің едің базарым да, Ел жақта есіл-дертім, назарым да...» деп өлеңдеткен әжей қазақтың ән-жырын әлі ұмытпадым дейді. «Германияда тұрсақ та, жүрегіміз Қазақстанда. «Әй, кәпір» деген жоқ ешкім, қазаққа алғысым шексіз», – деп аналық ақ тілегін жеткізді.

«...Сағынғанда жылына екі рет барамын»

Нина әжейдің қызы Миних Клара – Қарағанды облысы Шет ауданы Ақбауыр ауылының тумасы. Клара Ақбауырда өсіп-өніп, балалы-шағалы болған. Қазақстанымыз бұдан да көркейіп, өсе берсін, заманымыз тыныш болсын деп алғаусыз сезімін жеткізген Клара: «Біз сіздерді ешқашан ұмытпаймыз», – дейді. «Ақбауыр ауылының тұрғындарына, достарыма, көрші-маңайға, туыс-абысындарға алғысым шексіз», – деп, көзкөрген дос-туысының біразының атын атап, рахметін айтты.

«Қазақстанымыз көркейе берсін, гүлдене берсін!»

Нина әжейдің ұлы Миних Данил да Ақбауырда туып, Батық ауылында еңбек жолын бастаған. Жора-жолдастарының Қазақстанда екенін айтып, дәм-тұз тартқанда барып тұрамыз дейді. «Сіздер ана жақта, біз осы жақта аман болайық. Осылай амандықпен кездесуге жазсын», – деп өз сөзін түйіндеген түрі басқа, тілегі бір Данил Миних.


Өзгелердің жаңалығы