Германиядағы турнирде қазақстандық екі балуан алтын медальға таласады

13 Тамыз 2023, 18:14
835
Бөлісу:
Германиядағы турнирде қазақстандық екі балуан алтын медальға таласады
Фото: Қазақстан күрес түрлері федерациясы

Германияның Дортмунд қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен Grand Prix of Germany халықаралық турнирінде қазақстандық екі балуан екі салмақта алтын медальға таласады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен Grand Prix of Germany халықаралық турнирі 12 тамызда басталды. Биыл 38-мәрте өтіп жатқан додаға 23 мемлекеттен балуандар барған.

12 тамызда алдын-ала белдесулер өтіп, финалға жолдама алған балуандар анықталды.

Ел құрамасынан Марлан Мұқашев (55 келі) енді финалда украиналық Никита Дементьевпен бас жүлдені сарапқа салады.

Ал Айдос Сұлтанғалидің (60 келі) финалдағы қарсыласы - АҚШ балуаны Эльдар Хафизов.

Сондай-ақ, жұбаныш белдесуінде Ибрагим Магомадов (72 келі) қола жүлдеге таласса, Демеу Жадраев (77 келі) пен Ерұлан Ысқақов (97 келі) француз балуандарымен кездеседі. Тағы бір балуанымыз Әлімхан Сыздықов (130 келі) литвалық Ромас Фридрикаспен жұбаныш белдесуінде бағын сынайды.

Өзгелердің жаңалығы