Германияның Жұмыртқа өндірушілер федералдық қауымдастығының төрағасы Ханс-Петер Гольдник елде алдағы уақытта өнім жетіспеушілігі туындауы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Die Zeit басылымының жазуынша, қазіргі таңда өндірушілер сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Гольдниктің айтуынша, ел бойынша әр 10 қаптаманың біреуі жетіспейді.
Тапшылықтың бірнеше себебі бар: құс тұмауының өршуі, жұмыртқа импортының азаюы және тұтынудың артуы. Салалық одақтың дерегінше, Германия тұрғындары жылына орта есеппен 255 жұмыртқа тұтынады — бұл үш жыл бұрынғыдан 30-ға көп. Бұған жұмыртқаның енді «холестеринге бай зиянды өнім» емес, керісінше ақуыз көзі ретінде қабылдануы себеп.
Супермаркеттердегі жұмыртқаның үштен екісінен астамы жергілікті фермалардан жеткізіледі, ал қалғаны негізінен Нидерландтан импортталады. Алайда бұл ел экологиялық талаптарға сай болу үшін жаппай өндірісті қысқартып жатыр.
Салаға қосымша қысым көрсетіп отырған тағы бір фактор — құс тұмауы. Мәселен, өткен күзде Мансфельд-Зюдхарц ауданындағы бір кәсіпорында індеттің таралуына байланысты 40 мың жұмыртқалаушы тауық жойылған. Жалпы, өткен жылы H5N1 вирусының әсерінен сала шамамен 3% құс санынан айырылған.
Гольдниктің айтуынша, бұл онсыз да шиеленіскен нарық үшін айтарлықтай шығын. Ал Пасха мерекесіне қарай жағдай одан әрі күрделене түсуі мүмкін.