Германия Әзербайжаннан газ импортын ұлғайтуды көздеп отыр

Қазіргі таңда Германияға Әзербайжаннан жылына 1,5 млрд текше метр газ жеткізу туралы келісім бар.

 depositphotos.com 22 Шілде 2026, 07:14
22 Шілде 2026, 07:14
105
Фото: depositphotos.com

Германия Әзербайжаннан табиғи газ импортын арттыруға ниетті. Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен Берлинде өткен келіссөздерден кейін мәлімдеді, деп хабарлады DW порталы.

Канцлердің айтуынша, Германия Ресей газынан бас тартқаннан кейін жаңа әрі сенімді энергия жеткізушілерін іздеуде. Осы тұрғыда Әзербайжан Германия үшін маңызды серіктеске айналып отыр.

«Төрт жарым жыл бұрын Ресейден газ импортын тоқтатқаннан бері біз жаңа жеткізу көздерін іздеп келеміз. Әзербайжан бұл бағытта маңызды рөл атқарады», – деді Фридрих Мерц.

Ол сондай-ақ Әзербайжанның өз қажеттілігінен артық энергия өндіретін елдердің бірі екенін атап өтіп, әсіресе Германияның оңтүстігін энергиямен қамтамасыз ету тұрғысынан бұл ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін жеткізді.

Келіссөз қорытындысында тараптар энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы әріптестікті тереңдетуге уағдаласты. Германия энергия ресурстары импортын әртараптандыруды жалғастырып, болашақта сутегі энергетикасы бағытында да ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін мәлімдеді.

Қазіргі таңда Германияға Әзербайжаннан жылына 1,5 млрд текше метр газ жеткізу туралы келісім бар. Ильхам Әлиев бұл көлемді арттыруға дайын екенін, алайда ол үшін жаңа газ құбырларын салу қажет болатынын айтты.

Кездесу барысында Фридрих Мерц Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімді де жоғары бағалап, оның өңірдегі тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар Ильхам Әлиев Бакуде Германия мен Ресей өкілдерінің бейресми кездесуі өткенін жанама түрде растады. Оның айтуынша, бұл сапар туралы өзі бұқаралық ақпарат құралдарынан білген және мемлекеттік органдардан қосымша ақпарат сұратқан. Ал Фридрих Мерц мұндай кездесу туралы хабарсыз екенін айтып, Германияның Ресейді Украинадағы соғысты дипломатиялық жолмен тоқтатуға шақыру ұстанымын тағы да қайталады.

Наверх