Геральдикалық зерттеу орталығын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту ұсынылды

14 Ақпан 2024, 11:28
455
Бөлісу:
Геральдикалық зерттеу орталығын "Ұлттық рәмізтану орталығы" деп өзгерту ұсынылды
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай Геральдикалық зерттеу орталығын “Ұлттық рәмізтану орталығы” деп өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселеге қатысты сауалын Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға бағыттады.

Мемлекеттік рәміздерімізді ретсіз қолданып, жалған атақтар мен құнсыз сөлкебайларды сатып пайда тапқыш пысықайлардың әрекеттеріне құқықтық негізде тиым салу керек. Сондай-ақ рәміздер мәселесінде әлі де ойластыруды, ортақ шешімге келуді қажет ететін түйткілдер бар. Біздегі түйткілдердің бір ұшы атауға байланысты. Геральдика – гербтер мен оларды қолдану дәстүрлерін ғана зерттейтін арнайы тарихи пән. Яғни геральдиканың нысаны – тек қана гербтер, - дейді мәжілісмен.

Депутат атап өткендей, рәмізтану - бұдан кең ауқымдағы зерттеулерді қажет ететін сала.

Сондықтан бұл жұмыстармен айналысатын мекемені «Геральдикалық зерттеу орталығы» деп емес, “Ұлттық рәмізтану орталығы” деп аталғаны жөн. Өйткені рәмізтану нысанында мемлекеттік рәміздермен қатар, ертедегі символдық таңбалардан бастап, ою-өрнектер тіліне дейін қамтылады және олардың рәміздік мән-мағыналары ашылады, - деп айтты Аманжол Әлтай.

Айтуынша, рәміздер мәселесін өз елінің тарихымен сабақтастыра қарастыру әлемнің Жапония, Франция сияқты дамыған елдерінің тәжірибесінде бар. Депутат рәмізтануымызды арнайы ғылым ретінде қалыптасатын уақыт келгенін атап өтті.

Депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жасады:

1. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайда айтқан тапсырмасынан нәтиже шығарып, аймақтар мен қалалардың таңбасын әлемдік стандарттар негізінде бірыңғай үлгіге икемдеп әзірлеу және бекіту тәртібін ретке келтірген жөн.

2. Қазіргі Геральдикалық зерттеу орталығының атауын “Ұлттық рәмізтану орталығы” деп өзгерту мәселесі қарастырылсын.

3. Рәміздерді ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу ісіне рәмізтанушылармен қатар, тарих, археология, этнография салаларының мамандарын да кеңінен тарту қажет.

4. Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамда патриоттық сезімді орнықтыру үшін балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-да рәмізтану бойынша арнаулы тәрбиелік іс-шаралар жоспарлы түрде жүйелі өтуге тиіс.

Өзгелердің жаңалығы