"Гепарин" өте қауіпті дәрі – реаниматолог

6 Шілде 2020, 10:32
3862
Бөлісу:
"Гепарин" өте қауіпті дәрі – реаниматолог

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлеуметтік желіде көпшілікке таралып кеткен шымкенттік дәрігер Айна Мұратқызының тағайындауларына қатысты реаниматолог Ғабит Нұрханұлы Facebook-тегі парақшасында пікір қалдырды. 

"Дүмше молда елді бұзар" деп реабилитологты тыңдап болсаңыздар, реаниматологты бір тыңдаңыздар. Адам емдеуде ең бірінші заңдылық – "зиян келтірмеу". Пайдаң тимесе де, зияның тимесін. Бүкіл адамзаттың "құтқарушысы" - апайдың тағайындауын түзетіп жіберейін. Массаж, гормондарында жұмысым жоқ, бірақ реанимация ісіне араласуға білім керек. Мына назначениедегі (тағайындаудағы - ред.) "гепарин" - өте қауіпті дәрі. Реанимацияда гепарин қойғанда өте абай болып, сақтықпен әр алты сағат сайын АЖТУ (АЧТВ) тексеріп отырамыз, - дейді Ғабит Нұрханұлы.

Дәрігер айтқандай, дәріні дозадан артық салып қойсаңыз, кез келген себеппен қан кетсе, тоқтамай қалады. 

Бір тәуліктік доза -20 мың бірлік, 1 мл-де 5000 бірлік бар. Апайымыз 25 мың бірлікті АЧТВ бақылаусыз салыңдар десе, жүрек жұтқан екен. Гепариннен асқазан, ішек жолдарынан қан кетуін көрмеген екен. Тіпті, қатты жөтеліп, содан өкпеге қан кетуден қайтыс болғандар бар. Реанимацияда әрбір тамшыны санап құямыз. Инфузия салғанда тәуліктік баланс, орталық веналық қысым (ЦВД) өлшеніп барып салынады. Сосын дәл қазір апайдың нұсқауымен реанимациядан туысымды алып кетемін десеңіз, ешкім "жоқ" демейді. Себебі, орын тапшы. Әр орынның босағанын сыртта ондаған науқас күтіп тұр. Реанимация туралы сөйлеу үшін, ең алдымен, бір күн келіп жұмыс істесін, көрсін ауа жетпей ИВЛ-де қайтыс болып жатқандарды. Соларға жасасын жаттығуларын, - деді ол. 

Айта кетейік, шымкенттік дәрігердің кеңестеріне қатысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да пікір білдірген болатын.

Өзгелердің жаңалығы