Геосаяси жағдайда Түркі мемлекеттерінің мақсаты қандай?

3 Қараша 2023, 17:09
2467
Бөлісу:
Геосаяси жағдайда Түркі мемлекеттерінің мақсаты қандай?

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтті. Жиында Түркі мемлекеттернің басшылары әлемдегі геосаяси жағдайларды және ұйымның ынтымақтастығын одан әрі нығайту туралы маңызды мәлімдемелер жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы 3 қазанда Түркі кеңесі деген атпен құрылды. 2021 жылдың 12 қарашасында Ыстамбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің саммитінде бірлестіктің атауы Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді.Түркі мемлекеттерінің ұйымы мүшелері – Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан, Түркіменстан мен Венгрия – бақылаушы елдер.

Түркі мемлекеттері ұйымының қазіргі мақсаты қандай? 

Бұл туралы саммите Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды беделді халықаралық ұйымға айналды. «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітілді. Ең бастысы, бауырлас елдердің бірлігін бекемдей түстік. Ортақ құндылықтарымызды төрткүл дүниеге таныттық. Біз бабалар өсиетін орындап, түркі елдерінің ынтымағын нығайтып келеміз. Ендігі мақсат – өзара сенімге және бауырластыққа негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау. Түркі әлемі жаһандық ықпалы бар елдермен тең дәрежеде қарым-қатынас жасап отыр. Басқа мемлекеттер біздің ұйымның ұстанымдарына баса мән беретін болды. Сондықтан түркі халықтарының ықпалдастығын арттыра түсу – бәрімізге ортақ міндет, - деді Мемлекет басшысы.

Мирзиёев Түркі даму банкін ашуды ұсынды

Ол Түркі даму банкін құрудың маңызына тоқталды. Сөзінше, бұл бастама экспорт пен импорт мәселесінің шешімін табады.

Өндірістік ынтымақтастықты нығайту мен ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру бойынша Түркі даму банкін қалыптастыру бойынша қадамдарды қарастыруымыз қажет. Біз осы қаржылық институтты Ташкентте қалыптастыруды ұсынамыз. Толықтай түркі мемлекеттерінің сауда-саттықты зерттеу ұйымының ұстанымын қолдаймыз. Аталған институттың жұмысын дұрыс жолға бағыттау бірқатар кедергіні алып тастауға мүмкіндік береді. Экспорт, импорттың көлемін арттыру мен электронды сауданың кедергілерін алып тастайды, - деді Мирзиёев саммитте.

Сонымен бірге Өзбекстан басшысы әлемдік ахуал мәз емес екенін айтып, Палестинаның тәуелсіз болуға құқылы екенін атап өтті.

Бұл қақтығыстың одан әрі ушығу қауіп-қатері пайда болды. Осы кезекте біз барлық тарапты қақтығысты тоқтатуға, атысты тоқтатуға, гуманитарлық мақсаттарды іске асыру үшін бейбітшілік орнатуға шақырамыз. Бұл мәселені әділетті шешудің жолы – ол БҰҰ-ның екі елге арналған қарарында көрсетілген басымдық. Палестина да өзінің тәуелсіздігін қалыптастыруға құқылы. Біздің ұйымымыздың аясында бүкіл әлемге өзіміздің бірлескен қағидатымызды, ұстанымымызды көрсетуіміз қажет, - деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.

Армениядан сабақ болды. Әлиев қорғанысқа көңіл бөлу керегін айтты

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Армениямен болған шекарадағы даудың өте ауыр шешілгенін айтты. Сөзінше, қазіргі қақтығыс кезінде Түркі елдері қорғаныс жағынан ынтымақ құруға талпыныс жасау керек.

Әлемнің әрбір түпкір-түпкірінде қарулы қақтығыстар мен соғыстар болып жатыр. Бұл жерде әр елдің қорғаныс мүмкіндіктері олардың қауіпсіздігін негізгі кепілі болып есептеледі. Менің ойымша, мүше мемлекеттер қорғаныс қауіпсіздігін сақтау, өнеркәсіп аясындағы ынтымақтастатығы нығайтыла түсуі керек. Армения Әзербайжанның аумағын 30 жыл бойы оккупациялады. Ол жерге заңсыз қуыршақ режимін орнатты. Миллионға жуық әзербайжандықтар өзінің ата-бабаларының жерінен кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ қақтығыста мәдени және діни ескерткіштеріміз қирады. Жылдар бойы Әзербайжан қақтығысты бейбіт түрде шешікісі келді. Дегенмен Армения жағдайды сақтап қалуға тырысты, - деді Әзербайжан басшысы.

Ердоған түркі елдерінің әліпбиін жасауды ұсынды

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, Әзербайжанның Қарабақты қайтарып алуы - үлкен жетістік.

Қазіргі таңда бейбітшілікке қарай бір қадам жасадық. Арменияға өз міндеттерін орындау маңызды. Тағы бір маңыздысы – көлік дәлізі. Әзербайжанды Нахчыванмен байланыстыру керек. Бұл дәліз Түркияны Орталық Азиямен қосады. Орталық Азия - біздің бабалардың мекені. Бұл процестерді сәтті аяқтау үшін осы жұмысты сәтті жүргізу керек, - деді Түркия басшысы.

Астанада Ердоған Газадағы жағдай туралы:

Мешіттер жарылып, босқындар, ауруханалар бомбаланып, күнәсіз балалар өліп жатыр. Бұл зорлық-зомбылықты еш ақтауға болмайды. Адамзатқа қарсы қылмыстар 28 күн бойы Газада орын алып жатыр. Түркияда біз гуманитарлық саясат ұстанып отырмыз. Айтамыз, айтып келе жатырмыз. Бейбіт халыққа қарсы шабуылды қолдамауымыз керек. Қарулы қақтығысты аяқтау керек. Мұсылман, еврей, христиан болсын, бейбітшілікте өмір сүру керек. Сол үшін 10 ұшақ гуманитарлық көмекті Газаға жібердік. Мүмкіндік болса тағы да жібереміз. Қарулы қақтығыстар аяқталып, түркі елдері бейбітшілікті қолдайды деген үміттеміз, - деді ол.

Ердоған түркі елдерінің әліпбиін жасауды ұсынды:

Біз тіліміз, мәдениетіміз бен тарихымызға негізделген адами қарым-қатынасымызды арттыру үшін жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға күш салып жатырмыз. Әрине, бірлігімізді нығайту үшін тілдің маңызы зор. Бірыңғай әліпби де маңызды құрамдас бөлік және бұл жерде президенттердің қолдауы маңызды. Жоғары білім кеңесі ұйымымыздың хатшылығына ұсынған ұсынысты біздің ұйым қарастыратынына сенімдімін, - деді Ердоған.

Садыр Жапаровтың екі ұсынысы:

Жалал-Абат қаласын 2025 жылы түркі әлемінің туристік орталығы ретінде атауды ұсынамын. Жалал-Абат Жібек жолы тармақтарының бірінде орналасқан. Сонымен қатар, ол танымал туристік орын болып есептелінеді, - деп ұсыныс жасады Қырғыз басшысы.

Жапаров дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тізіміне көкбөру ойынын енгізуді ұсынды

Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылы өтеді. Спорт пен мәдениеттегі дәстүрлерді сақтауды жалғастыру үшін этноспорттық іс-шаралар аясында ұлттық ойындар тізіміне қырғыз халқының ұлттық ойыны – көкбөру ойынын қосу маңызды деп санаймын, - дейді Қырғызстан президенті.

Қазақстанның ұстанымы мен көзқарасы

Қасым-Жомарт Тоқаев түркі бірлігін дәріптеудің маңызы өте зор өйткені тарих, мәдениет, тіл мен дін – ортақ.

Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымының, оның құрылымдарының туларын және эмблемаларын бір үлгіге келтірген жөн. Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар, - деді Қазақстан басшысы.

Президент Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез-келген жанжалды бейбіт келіс-сөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық. Халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын мүлтіксіз орындау маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы