Геологтар Қарағандының минералды шикізат базасының әлеуетін бағалайды

10 Қазан 2020, 21:24
3659
Бөлісу:
Геологтар Қарағандының минералды шикізат базасының әлеуетін бағалайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысының минералдық шикізат базасының әлеуетіне бағалау өткізіледі. 

Бұл туралы Қарағанды қаласында минералдық шикізат базасының даму мәселелері бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыстық әкімшілік басшылығының қатысуымен өткен жиында белгілі болды.

Жиынды ашқан Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев қазір кен өндіру шығындары геологиялық барлау шығындарынан асып кетіп жатқанын атап өтті.

Қарағанды облысындағы геологиялық барлау жұмыстарын жаңа технологияларды қолдану арқылы тереңдете түсу керек. Министрлік Қарағанды өңіріндегі геологиялық зерттеу жұмысын күшейту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында минералдық шикізат базасын бюджет және жеке инвестициялар есебінен толықтыру жоспарлануда. Бұл елдің тұрақты экономикалық дамуы жолында табиғи байлықтар трансформациясына жаңа серпін береді, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Геологтардың бағалауы бойынша Қарағанды облысында жаңа геологиялық ашылулар үшін потенциал жеткілікті.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серікқали Бірекешовтің сөзінше, минералдық шикізат базасын мыс, алтын, полиметалл және марганецке геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы толықтыруға мүмкіндік бар.

Геологиялық барлау бойынша мемлекеттік бағдарламада жер қойнауын зерттеу және минералдық шикізат базасын мемлекет пен жеке инвестициялар есебінен кеңейтудің кешенді іс-шаралары қарастырылған.

Мемлекеттік бағдарламада Қарағанды облысында 110 мың шаршы шақырым аумаққа аймақтық зерттеу жасау және моноқалаларға жақын 6 учаскеде іздеу жүргізу қарастырылған, - деп атап өтті вице-министр.
Геологиялық зерттеу жұмыстарынан кейін өңірдің минералды шикізат потенциалына баға беріліп, жаңа перспективалы аудандарда түрлі-түсті және асыл металдардың базасы үшін негіз жасалады. Инвестор тарту мақсатында келешегі бар аумақтар анықталады.

Облысқа жұмыс сапары барысында министр Мырзағалиев өңірдегі бірқатар өндіріс орнына барды. Өндіріс процесінің экологиялылығын қамтамасыз ету үшін ең жаңа технологияларды қолданатын YDD Corporation ферроқорытпа зауытының жұмысымен танысты. Сонымен бірге министр автохламды қайта өңдеу және утилизациялау зауытына, геологиялық және экологиялық музейге соқты.

Өзгелердің жаңалығы