Ғазиз Надуев: Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады

14 Қаңтар 2022, 18:30
1383
Бөлісу:
Ғазиз Надуев: Маңғыстау облысында эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Маңғыстау облысы қазіргі уақытта  коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл аймақта» тұр. Өңірде соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын 200 адам жұқтырған.

Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті. 

Ауырғандардың басым бөлігі Ақтау қаласының тұрғындары. Ақтау қаласы бойынша 91 жағдай тіркелген.  Ал Жаңаөзенде – 19, Түпқараған ауданында – 14, Қарақия ауданында – 3, Маңғыстау ауданында – 6, Бейнеу ауданында -22, Мұнайлы ауданында - 45 жағдай анықталды.

Шағыммен қаралған науқас – 156 (78,0%),   шағымсыз қаралған науқастар саны – 44 (22%) жағдай болды.  

Өңірде эпидемиологиялық жағдай нашарлап барады. Соңғы екі аптада коронавирус жұқтырған 690 жағдай тіркелген. Қазір карантиндік шараларды күшейту бойынша арнайы қаулы әзірленіп жатыр. Соңғы тәулікте өңірде 200 адам коронавирус жұқтырған. Тіркелген 200  науқастың ауруханаға жатқызылғаны - 17, үй жағдайында - 183. Стационарларда жатқан науқастар саны 1 қаңтарда 23 адам болса, бүгінгі күні олардың саны 99 адамға, яғни 4 есеге дейін өсті. Оның 56-сы оттегі көмегімен демалуда, - деді Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев.

Дәрігерлер коронавирустан сақтанудың бірден-бір жолы вакцина салдыру дейді. Қазіргі таңда вакцинаның бірінші компонентімен 193 679 адам (49,9%), екінші компонентімен 176 439 адам (45,4%) қамтылды. Бүгінгі таңда ревакцинация бойынша – 11 432 адам екпе алды.

Өзгелердің жаңалығы