Газға қосылу бойынша берілетін әлеуметтік көмек мөлшері 400 мың теңгеге дейін артады

3 Наурыз 2022, 06:15
1735
Бөлісу:
Газға қосылу бойынша берілетін әлеуметтік көмек мөлшері 400 мың теңгеге дейін артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында газдандыру жұмысы жайлы мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада жекеменшік секторды газдандыру жұмысы жүріп жатыр. Қазір Алматы, Сарыарқа аудандары толығымен газдандырылды. Осы мақсатта 680 км-ден астам газ тарату желісі салынды, бұл желілер 9 елді мекенге жеткізілді. Ал қалған екі аудан бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Газдандыру жұмысы қаланың экологиясына оң әсерін тигізеді. Өздеріңіз білетіндей, ауа температурасы төмендеген күндері қаланы қою түтін тұмшалап тұрады. Бұл – жекеменшік секторлар жаққан көмірден пайда болатын түтін. Қала экологиясының айтарлықтай жақсаруы үшін жекеменшік секторлар толықтай газға көшуі тиіс. Қазір 3 мыңға жуық отбасы өз үйіне газ орнатты. Бұл осынша отбасы газ жақпайды дегеннің белгісі. Бұл – шамамен 40 мың тонна көмір. Газға қосылатын үйлер саны күн санап көбейіп келеді. Сол сияқты ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі барлық су жылыту қазандығын газға ауыстырдық, – деді елорда әкімі.

Сондай-ақ ол газдандыру жұмысы басталғалы осы санаттағы отбасыларға арнап үйін газға көшіру үшін әлеуметтік көмек көрсету тетігін енгізгендерін айтты.

Жұмысымыздың маңызды бөліктерінің бірі – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету. Газдандыру жұмысы басталғалы осы санаттағы отбасыларға арнап үйін газға көшіру үшін әлеуметтік көмек көрсету тетігін енгіздік. Осы санаттағы отбасыларға бүгінге дейін 90 АЕК мөлшерінде қаржылай көмек көрсетіліп келген – бұл 260 мың теңгеден астам соманы құрайды. Енді әлеуметтік көмек мөлшерін 130 АЕК-ке дейін, яғни 400 мың теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бастама жақын арада қалалық мәслихаттың қарауына енгізіледі. Қаланы газдандыру жұмысы тікелей Мемлекет басшысының бақылауында, - деп жазды елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы