Газ саласын дамытуға ерекше назар аударамыз – Премьер-министр

21 Қыркүйек 2022, 18:02
934
Бөлісу:
Газ саласын дамытуға ерекше назар аударамыз – Премьер-министр

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Eni» компаниясының бас өндірістік директоры Гвидо Брускомен, барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньятимен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі компанияның еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. 

Біз Қашаған кен орнын толық көлемде игеруге, Қарашығанақ кен орнында мұнай мен конденсат өндіруді қолдауға және газ саласын дамытуға ерекше назар аударамыз, – деді Премьер-министр. 

Сондай-ақ ол Үкімет «QazaqGaz» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жөніндегі консорциумның жоспарларын қолдайтынын жеткізді. 

Өз кезегінде Гвидо Бруско компанияның Қазақстандағы жұмысы бойынша ұзақ мерзімді жоспары барын айтты.

Біз қолданыстағы жобалар бойынша қажетті шешімдерді уақытылы қабылдап, жаңаларын, соның ішінде жаңартылатын энергетика саласында іске асыру мүмкіндіктерін іздейміз. Үкіметтің қолдауының арқасында жобалар бойынша туындайтын барлық мәселелер жұмыс тәртібімен шешіледі, – деді Гвидо Бруско. 
 

Өзгелердің жаңалығы