Ғарышкерлер күні: Ақтөбеде жастарды авиация бағыты бойынша даярлау кеңейтілуде

Ақтөбеде мектептен әскери авиацияға дейін жалғасатын үздіксіз білім беру тізбегі қалыптасып жатыр.

 Қорғаныс министрлігі Бүгiн 2026, 17:12
Бүгiн 2026, 17:12
131
Фото: Қорғаныс министрлігі

Ғарышкерлер күні қарсаңында Ақтөбеде оқушы партасынан болашақ мамандыққа тікелей жол ашатын маңызды шара өтті. №83 орта мектеп, облыстық планетарий және Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты нақты практикалық бағыттағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құжат тек ғылымға қызығушылықты арттыруды ғана емес, ерте кәсіби бағдар беруді де көздейді. Оқушылар астрономия, физика және география пәндері бойынша қосымша сабақтарға қатысып, мамандардың әдістемелік қолдауымен ғылыми жобалармен айналыса алады.

Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты базасында өтетін теориялық дәрістер бірден тәжірибемен ұштасады. Ынтымақтастық аясында тараптар ғылыми конференциялар, олимпиадалар және тақырыптық кездесулер өткізуді келісті. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы оқушыларды қолдауға ерекше мән берілген.

Жобаның символдық бөлігі ретінде «Ғарыш бұрышы» ашылды. Бұл – қазақстандық ғарыш тарихын білім беру ортасының бір бөлігіне айналдыратын арнайы кеңістік. Іс-шараға оқушылар, «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілері және жас ұшқыштар мектебінің шәкірттері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Институт бастығының орынбасары, полковник Максат Уайс бастаманың қолданбалы маңызына тоқталды.

Біздің міндет – балаларға білімді өздеріне түсінікті тілде жеткізу, мамандығымызға қызықтыру, аспанға ғашық ету. Оқушыларды институт базасында, шынайы әскери ортада оқыту олардың мамандық таңдауына саналы түрде келуіне және әскери ұшқыш болып біздің жолымызды жалғастыруына көмектеседі, – деді ол.

Дайындық жүйесінің маңызды бөлігі – институт жанындағы жас ұшқыштар мектебі. Биыл оған 57 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде әскери-патриоттық клуб аспанды өз кәсібі ретінде таңдаған жастар үшін үлкен бастау алаңына айналды. Қазір тәрбиеленушілер аэродинамика, навигация, метеорология және әскери пәндерді меңгеріп, болашақ қызмет пен оқуына қажетті іргетас қалыптастырып жатыр.

Жас ұшқыштар мектебі түлектерінің 40 пайызы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында оқуын жалғастырып, бала күнгі арманын орындап, аспанды бағындырып жүр.

Осылайша, Ақтөбеде мектептегі қызығушылықтан саналы мамандық таңдауға дейін жалғасатын үздіксіз білім беру тізбегі қалыптасып келеді. Біреулер үшін бұл – балалар болашағына сенім болса, енді біреулер үшін көкке бастар алғашқы қадам.

Наверх