Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде алғаш рет Гарвард конференциясы өтіп жатыр. "Өзгеріске ұмтылыс" тақырыбындағы HPAIR Asia Conference 2019 халықаралық шарасында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.
"Қазіргі ауыспалы заманда оң өзгерістер болып жатыр. Мысалы, ең бірінші өзгеріс біз үшін ол тәуелсіздік. Бұрын қалай болдық, қазір қандай өзгерістер бар? Нақты мысал ретінде біздің елорданы айтса болады. Бұрын қалай болды, қазір қандай? Қанша жастарға, қанша инвесторларға мүмкіндік ашты. Мысалы, қазір Назарбаев университетінде жастар 20 мемлекеттен келіп оқып жатыр екен. Қанша жастарға мүмкіндік ашып отыр. Осы да оң өзгеріс деген сөз. Сосын, "Болашақ" бағдарламасы, бұл да өзгеріс. Ол бәріне білімге, ғылымға жол ашты. Мен баяндамамда осы мәселелерді айттым", - деді Алтай Көлгінов журналистерге берген сұқбатында.
Әкімнің айтуынша, Астанада өтетін ірі халықаралық дәрежедегі іс-шаралардың да берері мол.
"Сонымен бірге, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 жасты президенттік кадрлық резервке енгізуі, сосын алдағы уақытта шешім қабылдау, елге қызмет жасау жауапкершілігін жүктеу, ол да оң өзгеріс. Соның бәрін айттық. Себебі бүгінгі тақырып ол - өзгеріс. Өмір өзгеріп тұрады. Заманның талабына сай біз де өзгеріп тұрмасақ болмайды. Бір орында тұру нәтиже бермейді... Гарвардтан келген меймандарға өз ілтипатымызды да білдірдік. Назарбаев университеті шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл да жақсы мүмкіндік, әсіресе, жастарға. Биыл жастар жылы. Бұл да оң өзгеріс", - деді Алтай Көлгінов.
Қала басшысының айтуынша, бүгінгі конференцияның мақсаты - жас лидерлерді жинау, тәжірибе алмасу. Көлгіновтың мәліметінше, бұл шараны Гарвард университеті әртүрлі мемлекетте өткізеді. Халықаралық конференция биыл Қазақстанда, Нұр-Сұлтанда бірінші рет ұйымдастырылып отыр.
"Гарвард университеті өкілдерінің келіп, біздің студенттермен тәжірибе алмасуы бізді қуантады. Бұл да оң өзгеріс", - деп түйіндеді елорда әкімі.
Атап өтсек, HPAIR Asia Conference 2019 (The Harvard College Project for Asian and International Relations) - 1991 жылдан бері Азияның ірі қалаларында өтетін бес күндік халықаралық жастар конференциясы. Шара коммерциялық емес HPAIR ұйымымен Гарвард университетінің өнер және ғылым факультеті және Назарбаев Университетімен бірлесе ұйымдастырылды. Конференция 16-20 тамыз аралығында өтеді. Оған 40-тан астам елден 65 спикер қатысады. Іс-шара "Ғаламдық нарықтар және экономика", "Көркемөнер, бұқаралық ақпарат құралдары және мәдениет", "Әлеуметтік саясат және әділеттік", "Энергетика және экологиялық тұрақтылық", "Басқару және геосаясат", "Ғылыми технологиялар" тақырыптарын қамтиды.
28 жылдық тарихында HPAIR Азия конференциясы Орталық Азияда және посткеңестік кеңістікте алғаш рет өткізілуде. Аталған шара жас мамандарға маңызды халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасуға, ұлттық және мәдени кедергілерді талқылауға, ұзақ мерзімді қарым-қатынастар орнатуға мүмкіндік береді.