Ғалымдарға ерекше статус берілмей, ғылыммен айналысу өте қиын – жас ғалым

19 Маусым 2023, 18:52
3284
Бөлісу:
Ғалымдарға ерекше статус берілмей, ғылыммен айналысу өте қиын – жас ғалым
Фото: Б.Омарованың архивінен

Ғылымға көзқарас әлі де болса өз деңгейінде емес. Ғалымдарға ерекше статус берілмей, толық жағдай жасалмай ғылыммен айналысу өте қиын, дейді қоғамдық денсаулық сақтау саласының философия докторы Балнұр Омарова BAQ.KZ агенттігінің Түркістан облысы бойынша тілшісіне берген сұхбатында.

Келешек – қазіргі жастардың қолында. Олардың ішінде жас ғалымдар көп әрі сапалы болса еліміздің ертеңін ғылыми тұрғыда қалыптастыра түсері сөзсіз. Әлем де жылдамдықпен қарыштап дамып бара жатыр. Жаңа дәуірге сай озық білім мен ғылымды меңгерген ұрпақ ғаламның жаңашылдығы мен қаупіне дайын тұруы тиіс. Сондықтан елімізде ғылыми зерттеулер мен қорғалған диссертацияларды елдің ертеңгі игілігіне жарату ешуақытта кеш емес.

Осы ретте біз Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы және кафедра аға оқытушысы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ үкіметаралық келісімдер шеңберіндегі Ұлттық сарапшы комиссиясының мүшесі, 2019 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау саласының философия докторы Балнұр Омаровамен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– Балнұр, әңгімемізге бірден төтесінен көшсек. Отандық ғалымдарды қалай насихаттап, қолдау көрсету керек? Ұсынысың бар ма?

– Өзіңіз білесіз, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ғылыми жоба жазуға көп еңбек пен күш, уақыт кетеді. Жоба шеңберінде ұйымдастырылған конкурста қабылданбайтын болса, ол жобаны қайтадан ұсына алмайсың. Себебі, қайта ұсынсаң плагиат болып шығады. Менің ұсынысым, қайтарылған жобаны кемшіліктері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, қайта келесі конкурстарға қатыстырса екен деймін.

- Бізде өнер адамдары мәселен әнші, биші, күйші тағы басқа да саланың өкілдері, спортшылар халықтың назарына тез түсіп, құрмет-қошеметке бөленіп жатады. Ал жас ғалымдар мен зерттеушілер үнемі шет қалып кетеді, себебі неде деп ойлайсың?

- Ия, дұрыс айтасыз, Жас ғалымдардың ғылымдағы жетістіктерін тек қана белгілі бір ғылыми метрикалық базалардан ғана көруге болады. Бұл базаларды қарапайым халық, көпшілік қолданбайды. Жоғары білімі бар тұлғалардың өзі ол базалардың сайттарымен жұмыс істей алмайды. Басқа маман өкілдері қалың бұқара қолданатын әлеуметтік желілерде (Instagram, Youtube, Facebook және т.б.) лайк жинайтын болса, ғалымдардың жарияланған ғылыми жұмыстары басқа ғалымдар тарапынан сілтеме беру арқылы бағаланады. Ғалымдардың танымал болмауының негізгі себебі, әр ғалымның зерттеу бағыты сан алуан, ол ғалымдар тек өз саласының төңірегінделерге ғана белгілі. Тіпті академиктердің танымалдылығы да өз саласының аясында ғана жүзеге асады.

– Қазір ЖОО-да қандай іспен айналысып жатырсың?

– Қазіргі таңда Ахмет Ясауи университетінің Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы және кафедрада аға оқытушылық қызметті атқарамын. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ үкіметаралық келісімдер шеңберіндегі Ұлттық сарапшы комиссиясының мүшесімін. Жергілікті этикалық комиссия құрамының мүшесімін. Басқа ЖОО-ның Қорытынды аттестаттау комиссиясының төрайымымын. Халықаралық стандарт ISО 9001:2015 талаптарына сәйкес университеттің құрылымдық бөлімдері және Клиникалық-диагностикалық орталық бойынша аудитор ретінде ішкі аудит құрамындамын. «Салауатты университеттер» жобасын жүзеге асыру бойынша топ құрамындамын. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары ғылыми немесе ғылыми-техникалық жобалар бойынша Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсына «Медициналық сауаттылық пен антибиотиктерді қолданудағы өзіндік тиімділік қажеттіліктерін талдау негізіндегі құрастырылған оқыту бағдарламасын әзірлеу және қолдану» тақырыбында жоба ұсындым. Алайда қажетті баллды жинай алмай, жоба қабылданбады. Сонымен қатар, кафедра шеңберінде студенттік ғылыми үйірменің «Сүт безі қатерлі ісігі және өзін-өзі тексеру туралы хабардар болу» тақырыбында секция жүргіземін.

– Балнұр, оқырманға өзің қорғаған ғылыми жаңалығыңды таныстыра кетсең, зерттеу жұмыстарың несімен маңызды?

– 2019 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау саласының философия докторы, PhD ғылыми дәрежесін алдым. Ғылыми диссертациялық тақырыбым «Балалардың денсаулық жағдайы және оны шешу жолдары» яғни осы Түркістан облысы бойынша жүргізілді. Балалардың денсаулық жағдайы тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатының индикаторы ретінде қарастырылады. Өскелең ұрпақ – ұлтымыздың діңгегі. Олар өскен соң еліміздің болашақ еңбек нарығына араласады. Балалар өмірге келген сәттен бастап олардың денсаулығын бақылауға алған әлдеқайда тиімдірек. Болашақ ұрпақтың денсаулығы қалай екенін зерттеу, негізінен қоғамдық денсаулық сақтаудың құзырында. Себебі, денсаулыққа мән беру қазіргі қоғамдағы әлеумет пен экономиканың мүмкіндіктерін жинақтап, біріктіруге әкеледі, жаңа мүмкіндіктер мен сапаны бақылауға жол ашылады. Неге десеңіз, бала денсаулығы мемлекет үшін денсаулық сақтаудың маңызды бөлшегі.

Менің ғылыми жұмысымның мақсаты – осы балалардың денсаулық жағдайын кешенді зерттеу негізінде, балалардың денсаулық жағдайының заманауи үрдісін анықтау, жиі ауыратын балалардың жастық, жыныстық және әлеуметтік-экологиялық ерекшеліктеріне қарай кешенді сауықтыру шараларын ғылыми тұрғыда негіздеу.

– Зерттеуіңнің ғылыми жаңалығын нақтылай түссең?

– Балалардың денсаулық көрсеткіштерінің қалыптасуына не әсер ететінін анықтау керек болды. Зерттеу барысында оған әлеуметтік маңызы зор аурулардың, қоршаған ортасының, тәрбиеленуі мен ата-анасының салауатты өмір салтын сақтауы көп үлес қосатындығы бағаланды. Экологиясы қолайсыз аймақтарда тұруы, балалар үйінде тәрбиеленуі, отбасылық тұрмыстың нашар болуы, дамушы ағзаның антропометриялық көрсеткіштерінің бала денсаулығына әсері аурушаңдыққа және мүгедектікке әкелу көрсеткіштері динамикасының артуы анықталды. Озық математикалық және статистикалық әдістерді қолдана отырып, балалар популяциясы денсаулығының жыныстық-жастық, әлеуметтік-топтық ерекшеліктері анықталды. Медициналық ұйымдардағы электрондық деректер базасы негізінде, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысындағы бүгінгі бала денсаулығына бағалау ұсынылды. Елдегі ресми статистикаға келсек, ғылыми негізде балалар денсаулығын қорытындылап, оның талдауы шықты. Біздің зерттеулер несімен маңызды десеңіз, біріншіден жалпы басқару органдары мен биліктің, сондай-ақ басқа да көптеген қызығушылық танытқан мекемелерге облыстық балалар денсаулығы туралы объективті, ғылыми негізделген мәлімет берілді. Осы мәліметтегі балалар денсаулығының заманауи үрдісі анықталды және ол өңірлерде мақсатты бағдарламаларды дайындауға пайдаланатын құрал болмақ. Екіншіден, бұл зерттеулер әр аймақтың мақсатты бағдарламаларын жүзеге асыруға, денсаулық сақтаудағы ресурстарды ұтымды әрі тиімді пайдалануға негіз болады.

Диcceртaциялық жұмыc бoйыншa айтар болсам, 12 жұмыс жaрық көрдi, соның ішінде: 1 мақала «Human Ecology» (импакт фактор 0,742) Scopus базасына кіретін халықаралық рецензияланатын журналда, 7 мақала отандық және шетелдік ғылыми-тәжірбиелік конференция материалдарында, 4 мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған журналдарында жарияланды. Зерттеу нәтижелерін енгізу үшін диссертациялық ғылыми жұмыстың негізгі нәтижелері, Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысы мен Шымкент қаласының емханаларында, балалардың жасына қарай аурушаңдық көрсеткішінің қалыптасуы, қатерлі себептері және оларға амбулаторлық-емханалық көмекті ұйымдастыруды жетілдіру туралы оқу құралы тәжірибеде қолдану үшін ұсынылды.

– Сонымен, жас ғалымсың, ғылымға не үлес қоса алдым деп айта аласың?

– Қоғамдық денсаулық сақтау саласында осы күнге дейін профильдік бағытта үш және ғылыми-педагогикалық бағытта үш, жалпы алты магистранттың ғылыми-зерттеу жұмысына жетекшілік жасап, сәтті қорғауына үлес қостым. Барлығы дерлік магистрлік ғылыми жұмыстар өңірлік мәселелерді шешуге, денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға бағытталған.

- Осы ғылым саласының ішінде жүрсің ғой, айтшы, елімізде ғалымдарды мемлекеттік қолдау жағы қалай екен?

- Ғалымдарды, әсіресе жас ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдау жақсы көрсетілуде. Атап айтар болсам, жас ғалымдарға арналған ғылыми жобаларды, постдокторантура бойынша қаржы бөлу қолға алынған. Жалпы, соңғы үш жылда ғылым саласына ақша бөлу үш есе арта түсті. Бұдан бөлек, ғылыми жобаларды коммерцияландыру қаржысы төрт есеге артып, қаражат аясы айтарлықтай жақсара түсті. Шетелдің адыңғы қатарлы жоғары оқу орындарынан соң білім беретін ұйымдарда, ғылыми орталықтарда, салалық ұйымдар бойынша ғылым мен техникалық тәжірибеден өткен майталман мамандар қатары ұлғайып келеді.

Өз кезегінде жастар да ғылымға қызығып, кірісіп жатыр, дегенмен бұл тенденция әлі де жеткіліксіз. Себебі біздің елдегі ғылым саласы экономикамыз бен әлеуметтік саланы көтеріп жіберуге әлі де айтарлықтай серпіліс бере алмай келеді. Естеріңізде болса, биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы 12 сәуірде өткен ұлттық кеңестің отырысында жыл сайын докторантураға қабылданатындар санын бес мыңға дейін ұлғайтуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының өзі ғалымдардың мәртебесін көтеруге көңіл бөліп, олардың әлеуметтік мәселелерін де қамтамасыз етуді пысықтады. Мәселен, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекеме қызметкерлеріне ғылымдағы дәрежесіне және алған атағына байланысты үстемақы төлеуді бір жарым есеге көбейтуді тапсырды.

– Өзің де жас ғалымсың. Қалай ойлайсың, жастар ғылымға қызыға ма, қызықпаса қалай қызықтыруға болады?

– Ғалым болып, оны ел мойындауы үшін, адам бүкіл ғұмырын соған арнау қажет. Мысалы, медицина қызметкерлері өз саласын оқуға он жылдан астам уақытын жұмсайды. Ғылыммен айналысуға білімнен басқа уақыт, шабыт, қаржы, төзімділік, табандылық және қолдау қажет. Отбасын асырау қамымен жүрген, жас маманның ойында басқа көптеген әлеуметтік факторлар жетерлік. 2023 жылдың 25 мамырында Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының ұйымдастыруымен, жас ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Бұл маңызды ғылыми іс-шарада еліміздегі ғылымның мәселелері мен оларды шешу жолдары талқыланды. Әр өңірден қатысқан Жас ғалымдар өкілдері өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, талқылады. Мен де өз үлесімді қосып, мәселелер мен шешу жолдарын ұсындым. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи университетінің жастары, жас ғалымдары бойынша айтар болсақ, Жас ғалымдар кеңесінің және де Ғылым департаментінің аса мән беріп отырған бағыты, ол студенттік ғылымды дамыту. Студенттер – жалындап тұрған жастар, көбісі сала маманы болып қана қоймай қосымша жан-жақты өзін дамытқысы келеді. Ең бастысы оларды қызықтыру. Өз тәжірибемнен айтар болсам, студенттерге қызықты тақырыпты қозғап, оны қалай ғылыми негіздеуге, зерттеуге болатын жолдарын көрсетсек, олар ғылыммен айналысуға уақыт та табады, ынта да, шабыт та келеді. Оқу аяқталғанша бір бағытта жұмыс жасап, нәтиже алуға болады. Зерттеу нәтижелері негізінде алынған мәліметтерді отандық, халықаралық конференцияларда баяндама жасатқызып, басқа қалалар мен алыс-жақын шетелдерге жіберсек, оны көрген достары, жолдастары да ғылымға қызығушылығы артар еді.

Халықтың денсаулығын жақсартуда қандай ілгерілеулер байқадың және әлі де қай тұсын дамыта түсу керек деп ойлайсың?

– Азаматтардың денсаулығы басты орында болғандықтан, мемлекет те барынша жағдайды жақсартуға атсалысуда. Айталық, халық денсаулығын сақтау үшін қаражат көлемі арттырылды. Қазір қарасаңыз көптеген заманауи медициналық құралдармен жабдықталған мекемелер көптеп салынуда.

Жыл сайын ақ халатты абзал жандардың да жалақысы көтеріліп келеді, әсіресе бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердікі жақсарды. Әлеуметтік қолдау жағынан дәрігерлер мен медбикелерді қалыс қалдырып жатқан жоқ. Сондай-ақ, мамандар тапшылығы да бұрынғыдай емес, ол мәселені шешу үшін республикамыздағы болашақ медицина мамандарын көптеп оқыту үшін жоғары оқу орындарында гранттар санын көбейтуде. Әр өңірде жас мамандарды әлеуметтік қолдау енгізіліп жатыр. Медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру үшін оларды бюджет есебінен қаржыландыруда, яғни шығынды өз қалтасынан шығармайды. Бір ауыз сөзбен айтар болсақ, елімізде Денсаулық сақтау жүйесі бар, алайда сол жүйені жүзеге асыратын мамандар мен оны тұтынушы халықтың менталитеті, қабылдауы, меңгеруі төмен.

Қалай ойлайсың, бізде ғылыми идеология бар ма?

– Ғылыми идеология бар. Алайда бұл идеологиямен әлемдік дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу, озық технология дәуірінде алға басу қиын. Ғылыммен айналысатындар магистрант, докторанттар. Бұл білімгерлердің жартысынан көбісі ғылыммен бір имидж немесе қоғамдағы бедел үшін айналысады. Оған дәлел, докторлық диссертацияны қорғау көрсеткішінің төмендігі. Қазіргі таңда, ғылыммен пайда табу үшін немесе қоғамда белгілі бір дәрежеде болу үшін айналысатындар көп. Ғылым ғылым үшін деген, түсінік бар яғни орысша айтқанда өкінішке қарай «наука ради науки» болып тұр. Көбісі қолданбалы ғылыми зерттеулермен айналысады. Ол деген басқа шетелде қолданылған әдіс-тәсілдерді Қазақстанда қолданып, ақпараттық нәтижелер береді. Жас ғалымдарды ғылымға баулуды шығыстағы және батыстағы дамыған елдердің тәжірибесін көріп, соны қолдану арқылы жақсартуға болады. Алайда, ғылыммен айналысуға барлық жағдай жасалған елден, шет тілін меңгерген маман қайтқысы келмей, қайтса да қайта баруды жоспарлап жүреді. Өйткені,өкінішке қарай елімізде ғылымға көзқарас әлі де болса өз деңгейінде емес. Ғалымдарға ерекше статус берілмей, толық жағдай жасалмай ғылыммен айналысу өте қиын. Бұрын, ғылыммен медресе, монастырьларда, өмірлік тәжірибесі мол адамдар айналысқан. Қазір, жұмыспен қатар күнделікті тіршілік қамымен алып жүретін біздер үшін, жас мамандар үшін толыққанды ғылыммен айналысып, жаңа бір Нобельдік сыйлыққа лайық жаңалық ашып, тарихта қалуы қиын.

Өзгелердің жаңалығы