Ғалымдар тасшөптің құпия қасиеттерін ашты

Кеше, 19:31
243
Бөлісу:
Ғалымдар тасшөптің құпия қасиеттерін ашты
Фото: Марғұлан университеті

Марғұлан университетінің ғалымдары тимьян (тасшөп) өсімдігіне қатысты зерттеулер жүргізіп, оның бұған дейін белгісіз болып келген генетикалық құпияларын ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл емдік қасиеті жоғары өсімдіктердің бірі. Ғылыми жұмысты Марғұлан университетінің “Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының” директоры, профессор Бибігүл Жұмабекова бастаған ғалымдар тобы жүргізді. 

Олар Баянауыл ұлттық паркінің табиғи жағдайында өсетін тимьянның екі түріне жататын 26 популяциясын зерттеді. Қазақстанда бұл өсімдікті бұлай ауқымда зерттеу алғаш рет жүргізіліп отыр.

Ғалымдар тасшөптің құпия қасиеттерін ашты
Марғұлан университеті

Біз кейбір тимьян популяцияларының генетикалық ұқсастығын, ал басқаларының елеулі айырмашылықтарын анықтадық. Бұл өсімдік әртүрлі жерде өсе береді. Яғни, жол бойына, егістік алқаптарына немесе таза табиғи аймақтарда, - деді  профессор Бибігүл Жұмабекова.

Тимьян – тек ас үйде қолданылатын хош иісті шөп ғана емес. Бұл ғаламдық өзгерістер жағдайында планетаны сақтауға көмектесетін экологиялық пайдалы өсімдік.

Ғалымдар ДНК талдауында молекулалық маркерлерді пайдалана отырып, тимьянның экожүйедегі өзгерістерге қалай жауап беретінін зерттеді. Мұндай зерттеулер өсімдіктің әлсіз популяцияларын анықтап, олардың жойылып кетуінің алдын алады. Тимьянның генетикасын зерттеу оны қорғау үшін ғана емес, климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығаруға да мүмкіндік береді.

Ғалымдар тасшөптің құпия қасиеттерін ашты
Марғұлан университеті

Зерттеу нәтижелері тимьянның антропогендік факторларға қалай бейімделетінін дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Біз осы жаңалықтың арқасында биоалуантүрлілікті сақтауға және экожүйелерді қорғауға арналған маңызды құралдарға қол жеткіздік, - дейді дейді Биоценология және экологиялық зерттеулер орталығының ғалымдары.

Алайда бұл осы бағыттағы зерттеулердің бастамасы ғана. Марғұлан университетінің ғалымдары зерттеу аясын кеңейтіп, генетиканы спектралды талдаумен байланыстыруды, сондай-ақ экологиялық факторлардың әсерін зерттеуді жоспарлап отыр. Жұмыс Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүргізілуде. Оның нәтижелері экологтарға беріліп, табиғи ресурстарды қорғау туралы жаңа заңдардың негізі өзегі бола алады.

Тимьянды зерттеу және оны шай саңырауқұлағы негізіндегі сусын құрамына қосу коммерцияландырудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл өсімдіктің бірегей емдік және дәмдік қасиеттері тамақ өнеркәсібінде жоғары функционалды өнім жасауға болатынын аңғартады. Бұл зерттеулердің соңы адамның денсаулығына аса пайдалы әрі тағамдар нарығында жоғары сұранысқа ие инновациялық өнімдер әзірлеуге ықпал етуі мүмкін, - деді Марғұлан университетінің баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы