Ғалымдар әулеті. Бір университетте 30-ға жуық отбасы еңбек етіп жүр

Бөлісу:
Ғалымдар әулеті. Бір университетте 30-ға жуық отбасы еңбек етіп жүр
Фото: Арман Мухатов - архив

Павлодар облысында Торайғыров университетінде жүздеген студентке білім беріп жүрген ғалымдар жетерлік. Бүгінгі таңда бір жоғары оқу орнында 30-ға жуық ғылыми отбасы мүшесі жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта профессорлардың бір емес, бірнеше ұрпағы ғылым жолында еңбектеніп жүр. Олардың ішінде қатарластарының арасында сый-құрметке ие азаматтар көп. Мәселен, оқытушылардың арасында ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің ұрпақтары бар.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Нартай Қуандықұлы ғылыми және педагогикалық салада 30 жыл бойы жұмыс істеп келеді.

Ата-бабаларымыздың барлығы ғылымға жақын жүрді. Алыстан бастасам, Тілембет бабамыз Көкшетау өңірінде мектеп ашқан адам. Бабаларымыздың барлығының діни сауаты болған. Адамжүсіп Көпеевті барша жұрт жақсы біледі. Ол энциклопедиялық білімі бар, сан салалы ғылымнан хабары болған. Оның кіші ұлы Мұхаммедфазыл жарты ғасыр бойы мектепте бала оқытты. Ол кезінде «Ленин» орденімен марапатталған азамат. Ал әкем Қуандық Пазылұлы - академик, филология ғылымдарының докторы. Көптеген ғылыми монографиялардың авторы. Ол қазақ филологиясы, әдебиеті саласында тынымсыз еңбек етті. Біз де сол дәстүрді жалғастырып келе жатқан жайымыз бар, - дейді Нартай Қуандықұлы.

Қуандық Пазылұлы үш ұл мен екі қыз бала тәрбиелеп, өсірген. Бүгінгі таңда олардың барлығы әкелерінің жолын қуып, еліміздің жетекші университеттерінде жұмыс істейді.

Үлкен апайым Астанада профессор, ал мен Торайғыров университетінде филология және журналистика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарамын. Ғылым докторы, профессор деген атағым бар. Менен кейінгі ендігі інім, филология ғылымдарының кандидаты Естай Қуандыұлы Мәшһүр-Жүсіп Торайғыров университетінде еңбек етеді. Одан кейінгі қарындасым Лаура Жүсіпова да құр алақан емес, ол тарих ғылымдарының докторы, Шоқан сыйлығының иегері. Осылайша, бір әулетте екі ғылым докторы мен үш ғылым кандидаты бар. Бұның барлығын ата-бабалар тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Бабамыздан қалған мол мұраны халыққа жеткізіп, ғылыми айналымға енгізіп келеміз, - дейді Нартай Қуандықұлы.

Ұрпақтар сабақтастығы ғылым дамуының маңызды факторы екені анық. Қатарластарына үлгі бола білген отбасылардың қатарында техника ғылымдарының кандидаты Төлеуғазы Тоқтағановтың жанұясы бар. Бүгінде профессордың үш немересі ғылым саласында жүр.

Төлауғазы Тоқтағанов саналы ғұмырының 50 жылын осы салаға арнаған. Осы уақыт аралығында техника саласы бойынша 100-ден астам ғылыми еңбек жазды.

Тұңғыш немерем Самал Антикеева – PhD докторы. Тағы екі немерем Астанада айти саласындағы ғылыми жұмыстармен шұғылданады. Ғылыммен айналысу – ел экономикасы үшін аса маңызды шаруа ғой. Қазіргі уақытта жастардың ғылымға деген құштарлығы зор. Көліктік техника және логистикасы кафедрасының өзінде бес жігіт докторлық диссертацияларын қорғауға дайындалып жатыр. Аға буын өкілдері тарапынан қолдау да бар. Қолайлы жағдай да жасалған. Мәселен, факультетімізде металлургия, машина жасау және көліктік техника бағыттары бойынша диссертациялық кеңестер жасақталды. Жас ғалымдар басқа қалаларға барып сабылмайды, - дейді профессор.

Ғалым жас шағында техникаға қызығушылық танытып, соңы ғылым саласына алып келді. Нақтырақ айтқанда, Төлеуғазы Тоқтағанов автомобиль және трактор саласының фрикциялық элементтерін зерттеумен айналысты. Ал докторлық диссертациясын Мәскеудің автомеханика институтында қорғап шықты. Бұл саланы таңдауы жайдан жай емес. Себебі бұл бағытқа сұраныс әр кезде жоғары.

Биыл шәкірттерім күн энергиясын тұтынып жүретін катамаран құрастырды. Сонымен қатар, автомобильдер бар. Әрине, өндірісте қолдануға келмейді. Себебі зауыттар жоқ. Дегенмен, жастарды ғылымға тартуға, қызығушылығын тудыруда пайдасы зор. Кезінде өңірде 50-ге жуық машина жасау зауыты болған. Қазіргі таңда тым аз. Ғалымдар сұраныс болса, еңбектенуге әзір. Құрал-жабдықтарды жасауға мүмкіндігіміз бар. Ал сұраныс пайда болу үшін отандық өндіріс қарқын алуы тиіс. Біз жасаған ғылыми жұмыстардың барлығы өнеркәсіп саласының қажеттілікттеріне сай жасалды. Павлодарлық ғалымдар «Алтаймотор» зауыты шығарған өнімдердің детальдерін жетілдірумен де айналысты. Еңбегіміз жоғары бағаланды. Сол кезде «Жигули» сияқты көліктің құнындай қаржы тапқанымыз да бар. Қолымызда патенттер болды. Бүгінгі таңда диссертациялық жұмыстарға жетекшілік етемін. Бірінші курс студенттеріне де дәріс оқимын, - дейді ғалым.

Айта кетейік, былтыр университет ғалымдары 958 млн теңге көлемінде гранттық қаржыландыру алды. Торайғыров университетінде жеті диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Жоғары оқу орнының төрт ғылыми журналын ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мақұлдаған. Үш жыл ішінде өнертабыстар бойынша 110 патент тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы