Ғалымдар Алаш жайлы тың деректер табу үшін Ұлттар лигасының архивін ақтаруға ниетті

26 Тамыз 2022, 11:40
1192
Бөлісу:
Ғалымдар Алаш жайлы тың деректер табу үшін Ұлттар лигасының архивін ақтаруға ниетті
Фото: автордан

Бұл туралы «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елордада «Алаш Республикасының 105 жылдығы және Қазақ Конституциясының қайнар көздері: жаңа дереккөздер, зерттеудің мәселелері мен болашағы» жайлы  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр.

Алаш республикасының жарияланғаны және егемен ел ретінде болғаны туралы 2019 жылы архивтік құжаттар табылды. Жапонияның сыртқы істер министрлігінің архив құжаттарынан Алашорда үкіметі Жапония үкіметіне дипломатиялық қатынас орнату және Алаш республикасын мойындау туралы сұрағанының дәлелі табылды. Сондай-ақ құжаттан Алашорда ресми өкілі Мұстафа Шоқайды Парижға жібергені анықталды,- деді Аққұлы.

Ол атағандай, Женевадағы БҰҰ ұлттар лигасының архивімен жұмыс істеу керек.

Егер біз ол архивтен Алашорданың ресми өкілі Мұстафа Шоқайдың қолын тапсақ, ол Алаш республикасы жарияланбаған деген пікірдегі кейбір ғалымдардың пікірін жоққа шығарып, Алаш республикасы тәуелсіз  ел ретінде қалыптасқанын дәлелдейміз,-деді ол.

Оның айтуынша, ғалымдар гранттық бағдарлама аясында Ұлттар лигасының архивінде жұмыс істеуге ниетті.

Бізге бұл тұрғыда Сыртқы істер министрлігі көмектеседі деп ойлаймыз,-деді «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Өзгелердің жаңалығы