Ғабит Мүсірепов театры 81-ші маусымын жаңа қойылымдармен ашты

Жаңа маусымда театр ұжымы Албаниядағы XX халықаралық «Бутринттегі ғажайып түндер» фестивалінде «Бернарда Альбаның үйі» спектаклін сахналайды.

 Мәдениет және ақпарат министрлігі 10 Қыркүйек 2026, 23:55
10 Қыркүйек 2026, 23:55
75
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 81-ші театр маусымын ашты. Жаңа маусымда көрерменге бірнеше премьера ұсынылып, театрдың 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтеді. Сондай-ақ ұжым халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысады.

Маусымның алғашқы күндері Астрид Линдгрен шығармасының желісі бойынша қойылған «Карлсонның қайта оралуы» және жаңа «Ақбілек. Түс» спектакльдері сахналанды. 12 қыркүйекте Жанат Хаджиев атындағы эксперименталды сахнада «Көкірек көзі оянғандай» драмасының премьерасы өтеді.

Театрдың 80 жылдық мерейтойы аясында 17 қыркүйекте Алматыда отандық және шетелдік театр сыншыларының қатысуымен «80 жылдық сахна сыры: рух, өнер, ізденіс» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылады. Сол күні Көктөбеде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік кеш өтеді.

Жаңа маусымда театр ұжымы Албаниядағы XX халықаралық «Бутринттегі ғажайып түндер» фестивалінде «Бернарда Альбаның үйі» спектаклін сахналайды. Ресейдегі Халықаралық Тынық мұхиты театр фестиваліне «Қарагөз» қойылымымен қатысады.

Сонымен қатар «Ұлпан» спектаклі Астанадағы «ТЕАТР ALL» халықаралық театр фестивалі мен Қарағандыда өтетін «Сын – шын болсын» республикалық фестивалінің бағдарламасына енді.

Жыл соңына дейін театр «Алдар Көсе» және «Ромео мен Джульетта» қойылымдарын сахналауды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылы көрерменге «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» және «Ғасырдан да ұзақ күн» спектакльдері ұсынылады.

Наверх