Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі арнайы ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында атақты қазақ жазушыларын, ақындары мен драматургтарын еске алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Қазақ әдебиетіндегі қазіргі зерттеулер» атты тақырыппен өткен пікірталасқа Қазақстанның әдебиеттанушылары мен ғалымдары қатысты.
Қазақ әдебиеті дегеніміз – ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан қазақ халқының рухани және мәдени мұрасы. Абай, Жамбыл, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбдіжамал Нұрпейісов, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов әлем әдебиетінің тарихына Қазақстанның атын жазған тұлғалар. ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген қазақ жазушыларының мерейтойлары әлемдік деңгейде тойланып келеді, - деді дөңгелек үстелдің ашылуында сөз алған Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев.
Елші атап өткендей, XX ғасырдың екінші жартысы қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды.
Ол жылдары Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазып, бүкіл әлем қазақтың ұлы ойшылы туралы білімге қанық болды. Айта кетерлігі, бұл шығармада, Нидерландтың Ляйден қаласы туралы айтылады, сондықтан, бүгін біздің осында жиналым отырғанымыз да кездейсоқтық емес, - деді Асқар Жұмағалиев әдебиеттанушылардың алдында сөйлей отырып.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары Альмира Қалиеваның айтуынша, қазіргі таңда Әуезовтің шығармалары семиотикалық, антропологиялық, геопоэтикалық, гендерлік, феноменологиялық тұрғыдан зерттеліп жатыр.
Біздің ойымызша, ғылыми ықпалдасу үдерісінің нәтижесінде орын алған тектоникалық өзгерістер, пәнаралық мүдделер, әдістемелік жаңғыртулар жазушы шығармаларын мүлде жаңа позициялардан көруге мүмкіндік беретіндей көрінеді. Қанша уақыт өтсе де, «Әуезовтің тілі» ұлттық әдебиет тіліндегі өз сапасын жоғалтқан жоқ, - деді Альмира Қалиева.
Дөңгелек үстелге жиналғандар сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Ғабит Мүсірепов пен өзге де қазақ әдебиетінің бәйтеректері қалдырған мұрасы мен олардың рөлдері туралы әңгіме өрбітті.
Іс-шараға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Альмира Қалиева, Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Светлана Ананьева, филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Алуа Таңжарықова, Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы және тағы басқалар қатысты.