Гүлмарал Тәтібаева: Әр суретте біздің ішкі сезіміміз білініп тұрады

31 Тамыз 2020, 22:50
2020
Бөлісу:
Гүлмарал Тәтібаева: Әр суретте біздің ішкі сезіміміз білініп тұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заманауи сурет өнерінің өкілі Гүлмарал Тәтібаева – Қазақстан суретшілер одағының, Еуразия дизайнерлер одағының, KADMII QYZYL арт тобының мүшесі. 

Оның жұмыстары Қазақстан, Түркия, Корея, Латвия, Голландия, Ресей, Иордания, Қытай, Ұлыбританияның музейі мен жеке коллекциясында сақталған. Суретшімен кездесіп, еліміздегі осы сала бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардың маңыздылығы жайында сұхбаттастық.

Гүлмарал Амангелдіқызы, алдымен өзіңізбен таныссақ. Өнер жолыңыз қалай басталды?

– Мен бала күнімнен сурет саламын. 6-сыныпта оқып жүргенімде, өнер мектебіне оқуға шақырту алдым. Кейін бұл мектепті тәмәмдаған соң, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстім. Өнер жолына осылай келдім. Содан бері көптеген байқауларға, отандық, шетелдік көрмелерге қатысып жүрмін. Негізгі бағытым – кескіндеме, графика, сәнді қолданбалы өнер, коллаж, видеоарт, инсталляция. Жақсы көретін кескіндемем – еліміздің көрікті жерлерін салу. Бұл мен үшін демалыс.

Ал сіздің суретші ретінде өткізген алғашқы көрмеңіз есіңізде ма, көрмеңіз қалай өтті?

– Иә, әрине есімде. Шетелдегі алғашқы көрмеге өз еркіммен шықтым. Стамбулға жұмыстарымды апарып, жалғыз өзім көрме аштым. Қатты қобалжыдым. Бірақ кейін көрмеге қазақтар жиналды. Сол сәтте сондай қуандым. Өзімде аса қаражат та болмады. Отандастарым келіп, дастархан жайды, өлең айтып, домбырамен күй тартты. Олар біздің өнерімізді жақсы білетін, бағалайтын шетелдегі қазақтар болатын. Шынымды айтсам, таң қалдым. Бірінші көрмем осылайша естеқаларлық, қызық болды. Қазір де басқа елдерге барғанымда, қазақтар келіп тұрады. Сол елдің суретшілері де келіп, өз шеберханасына шақырады.

Сіздің 2018 жылы Берлиндегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Фокус-Қазақстан» жобасына жұмыстарыңыз қойылды. Бұл көрмеге қатысу үшін арнайы байқау болды ма?

– Иә, бұл көрмеге қатысу үшін байқау өткізілді. Мен сол байқауды жеңдім. Неміс кураторлар мен өзіміздің кураторлар бірігіп, шеберханаға келіп жұмысымызды көрді. Оларға менің GREAT ХАЛАТ атты туындым ұнады. Бірақ олар «көрмеге инсталяцияның мөлшерін үлкейтсек» деді. Мен келістім. Сөйтіп жұмысымның каркасын күшейтіп, материалдарын жақсартып сәл өзгерттік. Туындының бай әрі әдемі шығуына ұйымдастырушылар көмек көрсетті. Екі ай бойы дайындалып, көрмені аштық. Негізі көрме екі бағыт бойынша өтті. Біріншісі Women artists of Kazakhstan at "Bread&Roses" көрмесі, екіншісі қатысушылардың резиденциясы. Әйелдер көрмесіне UNTITLED атты инсталяция, ал екінші көрмеге арт-резиденцияда жасалған жұмыстарым қойылды.

Сіз үшін бұл көрменің қандай маңыздылығы болды?

–  Берлиндегі көрме жақсы жобаның бірі болды деп санаймын. Көрме жоғары деңгейде өтті. 2 ай бойы біз Берлинде болдық, көрмеге бар күшімізбен дайындалдық. Осыған дейін біз ондай резиденцияға қатысқан емеспіз. Тіпті мұндай шара біздің тарихта да болмаған. Көрмеге қатысқан соң, елге жаңа көзқараспен келдім. Осы шараның арқасында шетелдегі көрменің жұмысымен, қойылатын талаптарымен таныстым. Болашақта ескеретін боламын әрі жаңа көрмелерге жақсылап дайындаламын.

Қазір сурет өнері бойынша түрлі көрмелер, байқаулар мен мерекелік іс-шаралар өтуде. Осындай жобалар бізге қажет па?

– Білесіз бе, мұндай көрмелер бізге көбірек керек. Менің ойымша, тіпті жыл сайын өтуі тиіс. Өйткені біз еліміздің атынан шетелге шығып жұмыстарымызды көрсетеміз, өнерімізді дамытамыз. Сонымен қатар мұндай көрмелер тек өнер саласын ғана емес, экономика мен туризмді де дамытуға өз үлесін қосады.

Жалпы, мен үшін рухани жаңғыру – дегеніміз еліміз үшін жақсы өмірге қадам жасау. Мұндай бағдарламалар біз үшін өте маңызды. Уақытына сай жаңа шаралар ұйымдастырылса, өнеріміз байып биікке көтеріледі, еліміздің аты шығып, жастардың талабы көбейеді, жаңа инновациялық жобалар пайда болады. Біз әлі жас мемлекетпіз, сол себепті бізге көп шетелге шығып, өнерімізді көрсетіп тұрсақ жақсы болады.

Өзіңіз түрлі байқаулар мен көрмелерге қатысасыз. Сіз үшін оның қандай пайдасы бар?

– Жас суретшілерге түрлі байқау мен көрмелердің пайдасы зор деп білемін. Байқауларға қатысу арқылы суретшілер бір-бірінің жұмысын көреді, бөліседі және соған қарап әрі қарай өсетін болады. Менің ойымша, міндетті түрде өсім болуы керек. Әр суретші түрлі туындаларды зерттеп, өнерін күшейтіп, шеберлігін арттырып отыруы тиіс. Суретшілер жан-жақты болып, түрлі техникалық әдісті үйренсе, жұмысты жаңаша көзқараспен қызық жасауға болады. Сол себепті, әріптестерімді әрдайым түрлі байқау мен жобаларға қатысуға шақырамын.

Сіздің жұмыстарыңыз Түркия, Латвия, Голландия және т.б. елдерде сақталған. Шетелдіктердің қазақ өнері туралы көзқарасы қандай?

–  Шетелде біздің өнеріміз жақсы бағаланады. Себебі, өнеріміз өте бай, көрсетер жұмысымыз да жетерлік. Халық қызығады. Қай жаққа барсақ та жақсы баға береді. Еуропада жұмыстарға басқа көзқараспен қарап, терең зерттейді. Ал Қытайда жұмыстардың ерекшелігі мен шеберлігіне аса мән береді. Шетелдіктер біздің суреттерімізді көріп, қандай әсер де болады? Осыны, әрине, ойлауымыз қажет. Себебі, суретшілер еліміздің жай-күйін, жер байлығын нақты көрсетеді. Себебі, әр суретте біздің ішкі сезіміміз білініп тұрады.


Өзгелердің жаңалығы