Футболдан ӘЧ: Қазақстан Украинамен тең ойнады

2 Қыркүйек 2021, 00:10
11690
Бөлісу:
Футболдан ӘЧ: Қазақстан Украинамен тең ойнады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қыркүйекте футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатына іріктеу сатысында елордада Қазақстан құрамасы Украинаны қабылдады.

Екі құрама арасындағы алғашқы кездесуде 1:1 есебі тіркелген болатын. Турнир кестесінде Украина үш ұпаймен екінші орында тұрған еді.

Ал бір ұпай еншілеген қазақстандықтар бесінші орында келе жатқан болатын. Көш басында жеті ұпаймен Франция тұр. Әлем чемпионаты финалдық сатысында сынға түсу үшін украиндар жеңіске жету жолын іздейтіні белгілі еді. Сондықтан олар ойынды қарқынды бастады.

Нәтижесінде 2-минутта Роман Яремчук қазақстандық құрама қақпасынан саңылау тапты.

Бұдан кейін қос құрама тарапынан есепті өзгертетін бірнеше мүмкіндік болды. Әсіресе, украиндар гол соғатын сәттерде қақпаны дәл көздей алған жоқ. Есесіне 74-минутта қазақстандық жартылай қорғаушы Руслан Валиуллин таразы басын теңестіріп кетті. Ал 93-минутта украиндық Даниил Сикан гол соқса, Руслан Валиуллин 95-минутта тағы да мергендігімен көзге түсті. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.

Айта кетейік, қазақстандық құрама іріктеу сатысында D тобында сынға түседі. Қарсыластары - Франция, Украина, Босния және Герцоговина, Финляндия.

Сондай-ақ бүгін аталған топта Франция мен Босния және Герцоговина құрамасымен кездеседі. Енді Қазақстан сырт алаңда 4 қыркүйекте Финляндиямен кездессе, 7 қыркүйекте Босния және Герцоговинамен шеберлік байқасады.

Өзгелердің жаңалығы