Елімізде футболдан чемпионаттарға қатысатын клубтар 10% төмен жарна төлеп жарысқа қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл қадам клубтардың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, жарыстарға белсенді қатысу мүмкіндігін арттырады. Аталғаезгеріс реформаның алғашқы қадамы ретінде қарастырылып отыр. Жарналардың азаюы клубтарға қаржылық қиындықтарға алаңдамай, жарыстарға белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Футбол инфрақұрылымын реформалаудағы маңызды қадамдардың бірі – төрешілерді қаржыландыру жүйесін өзгерту. Бұған дейін матчтағы төрешілерге кететін шығындарды қабылдаушы клуб өз мойнына алатын. Ал бұл командаларға қосымша салмақ түсіретін. Енді бұл шығынды Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) өз есебінен жабады. Бұл өзгеріс клубтардың қаржылық жүктемесін азайтып қана қоймай, төрешілік жүйенің ашықтығын қамтамасыз етіп, мүмкін болатын мүдделер қақтығысын болдырмауға септігін тигізеді,- делінген хабарламада.
Реформа аясында төрешілерге қатысты тағы бір өзгеріс енгізіледі. Енді олардың есімдері тек матч күні жарияланады. Бұл шешім төрешілерге ойынға дейінгі қысымды азайтып, сыртқы ықпалдан қорғауға бағытталған. Осылайша, арбитрлер өз міндетін барынша объективті әрі тәуелсіз атқара алады.
Кәсіби футбол жарыстарын ұйымдастыру құқығының ҚФФ-ға қайтарылуының тағы бір маңызды қыры – матчтардың трансляция сапасын айтарлықтай жақсарту және медиа мүмкіндіктерді кеңейту. Өзгерістер спорттық жағына ғана емес, көрермендер үшін трансляцияларды тартымды етуге де бағытталған. Бұл ең алдымен техникалық сапаны жақсартуды қамтиды. Бейне сапасын арттыру, операторлар мен режиссерлердің кәсіби жұмысын жетілдіру, сондай-ақ заманауи технологияларды пайдалану арқылы жанкүйерлерге ойын барысын мейлінше жоғары деңгейде ұсыну,- дейді ҚФФ баспасөз хабарламасы.
Атқарылатын жұмыстар футболға жаңа жанкүйерлерді тартуға да ықпал етеді. Бұған дейін көрермендер матчтардың сапасыз көрсетілімі мен жалпы медиа қолдаудың әлсіздігіне жиі шағымданған. Реформаның басым бағыттарының бірі – осы мәселелерді түбегейлі шешіп, футболдың көрерменге қолжетімділігін арттыру.